Freedom Inside '26

Қазақстаннан 122 шетелдік шығарылып, елге кіруіне бес жылға тыйым салынды

Қазақстаннан 122 шетелдік шығарылып, елге кіруіне бес жылға тыйым салынды
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанда 8-12 маусым аралығында Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен «Нелегал» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Рейд барысында полиция қызметкерлері шетел азаматтары тұруы немесе жұмыс істеуі мүмкін құрылыс нысандарын, базарларды және жалдамалы пәтерлерді тексерді, деп хабарлайды dalanews.kz.

ІІМ мәліметінше, бес күн ішінде көші-қон заңнамасын бұзған 13 мыңға жуық адам анықталған. Олардың 10 мыңға жуығы Қазақстан аумағында заңсыз жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылса, тағы 4 мыңға жуық шетелдік тиісті рұқсатсыз еңбек қызметін жүзеге асырған.

Тексеру қорытындысы бойынша соттар 1 500 шетел азаматын ел аумағынан шығару туралы шешім қабылдады. Оның ішінде 122 адам мәжбүрлі түрде депортацияланып, алдағы бес жыл ішінде Қазақстанға қайта кіру құқығынан айырылды.

Сонымен қатар рейд кезінде халықаралық іздеуде жүрген 21 адам ұсталған.

Ішкі істер министрлігі көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.