Freedom Inside '26

Павлодарда есірткі азық-түлік өнімі ретінде сатылған

Павлодарда есірткі азық-түлік өнімі ретінде сатылған
Фото: gov.kz

Павлодарда есірткі саудасы мен қылмыстық табысты заңдастыру ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті жүргізген тергеу барысында күдікті құрамында есірткі бар көкнәр тұқымын азық-түлік өнімі ретінде сатып келгені анықталған.

Тергеу мәліметіне сүйенсек, бұл іске оның жақын туыстары да қатысқан. Олар өнімді жеткізу, сақтау, буып-түю және өткізу жұмыстарын өзара бөліскен. Тауарлар басқа өңірлерден логистикалық компаниялар арқылы жеткізіліп, көкнәр тұқымы мен дәмдеуіш ретінде сатылған.

Тінту кезінде есірткі қосылған көкнәр тұқымы тәркіленді. Төлемдер қолма-қол ақша және банк аударымдары арқылы қабылданған. Заңсыз табысқа ұйымдастырушы екі көлік сатып алып, оларды үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген.

Сот шешімімен ұйымдастырушы мен оның екі сыбайласы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, көліктер мемлекет меншігіне өтті. Құрамында есірткі бар 321 келі көкнәр тұқымы жойылды. Үкім заңды күшіне енді.