Солтүстік Қазақстан облысында танысын балтамен өлтіріп, мәйітін бірнеше күн бойы төсектің астына жасырып қойған әйелге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz
Іс СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Айыпталушы орнында Бескөл ауылының 53 жастағы тұрғыны болды.
Тергеу материалдарына сәйкес, биыл 27 ақпанда әйел аулаға отын жаруға шыққалы тұрған сәтте оның танысы үйіне келген. Ер адам қатты мас күйде болған. Әйел одан кетуін сұрағанымен, ол үйде қалуды талап еткен.
Сотта айыпталушы ер адамды қорқыту үшін қолындағы балтамен екі рет сілтегенін айтқан. Алайда соққы балтаның жүзімен ер адамның желке тұсына тиген. Салдарынан жәбірленуші жерге құлап түскен.
Осыдан кейін әйел едендегі қанды жуып, қозғалыссыз жатқан ер адамды бөлмеге сүйреп кіргізіп, мәйітті кереуеттің астына жасырған.
Одан кейін бірнеше күн бойы ол әдеттегі тіршілігін жалғастырып, жұмысқа барып, көршілерімен араласып, кешке үйіне келіп, мәйіт жатқан кереуеттің үстінде ұйықтап жүрген.
Марқұмның анасы мен ағасы оның жоғалғаны туралы полицияға хабарлаған. Тәртіп сақшылары соңғы рет жоғалған азаматтың осы әйелмен бірге болғанын анықтаған.
Полицейлер күдіктіні жұмыстан үйіне алып келген кезде пәтерден өткір иіс шыққан. Тексеру барысында жатын бөлмедегі төсектің астынан іздеуде жүрген ер адамның мәйіті табылған.
Сотта әйел адам өлімге себепкер болғанын мойындағанымен, адам өлтіру ниеті болмағанын айтып, тек қорқытпақ болғанын жеткізген. Алайда сот бұл уәжді жауапкершіліктен жалтару әрекеті деп бағалады.
Сондай-ақ сотталушының бұған дейін де адам өлтіру және денсаулыққа ауыр зиян келтіру баптары бойынша сотталғаны анықталды. Осыған байланысты оның әрекетінде қауіпті қайталану белгісі танылды.
Сот үкімімен әйел 14 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейтін болды. Сонымен қатар оған жазасын өтеу орнында алкоголизмнен мәжбүрлі ем тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ. Сотталған әйел апелляциялық шағым түсірмек.
