Балалар мен ересектер жиі зардап шегуде – Президент қаңғыбас иттер мәселесіне қатысты пікір білдірді

Ақтоты Жапатова 25 сәу. 2026 14:28

Қасым-Жомарт Тоқаев Таза Қазақстан акциясы аясында сөз сөйлеп, жануарларға қамқорлық мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz 

Мемлекет басшысы үй жануарларын қорғау және оларға қатыгездік көрсетудің алдын алу мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, жануарларды қараусыз қалдыру мен көшеге тастап кету – қаңғыбас иттер санының артуына себеп болып отыр.

Президент Үкіметке үй жануарларын дұрыс күтпегендерге қатысты әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуды, ал оларға қатыгездік көрсеткендерге арналған қылмыстық жазаны күшейтуді ұсынды.

«Үй жануарларының адамдардан қорлық көруіне жол бермеу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ ол мамандандырылған жануарлар орталықтарының жұмысын қоғам бақылауына алудың маңызын айтып, бұл бағытта «хайпқа» жол бермеу керектігін ескертті.

Президенттің айтуынша, өңірлерде қаңғыбас иттер мәселесі өзекті болып отыр, тіпті балалар мен ересектердің де зардап шегуі жиілеген. Сондықтан бұл мәселе мемлекет пен қоғамның бірлескен әрекетін талап етеді.

Мемлекет басшысы жануарларға жанашырлықпен қарау қоғамның мәдени деңгейін көрсететінін айтып, бұл бағыттағы бастамалар Таза Қазақстан аясында жалғасатынын жеткізді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove