Алматы облысында Панфилов ауылдық округінің әкімі Дулат Дәулетәлиев жол апатына түсуі оқиғасынан кейін қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы полиция департаменті хабарлады.
«Талғар ауданы әкімінің аппараты Панфилов ауылдық округінің әкімі қатысқан жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлайды. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметші еңбек демалысында (аурухана тізімінде), сондықтан қызметтік тексеріс уақытша жүргізілмей отыр.
Процессуалдық іс-шаралар аяқталған соң және мемлекеттік қызметші жұмысқа оралғаннан кейін оған қатысты тәртіптік шара қолдану мәселесі Әдеп кеңесінде қаралатын болады», – деп жауап берді жұма күні Казтагтың ресми сауалына Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұл оқиға туралы алғаш болып Dalanews.kz редакциясы хабарлаған болатын.
Бұған дейін біздің редакциямызға Нарынқол тасжолында жол апаты болғаны туралы ақпарат түсті. Ондағы ақпарат бойынша, көлікте Панфилов ауылдық округінің әкімі Дулат Дәулетәлиев отырған.
"Көліктегі адамдар аң аулауға шыққан. Біреуі қайтыс болған, үшеуі ауруханада", - делінген Dalanews редакциясына түскен ақпаратта.
Dalanews.kz тілшілері Дулат Дәулетәлиев Алматы облыстық клиникалық ауруханасына ауыстырылғанын анықтады. Жағдайы динамикада жақсарған. Барлық медициналық көмек көрсетілген.
