Танымал экономикалық сарапшы Юрий Масанов Facebook әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасында отандық металлургиядағы өзекті мәселе — мыс концентратын бастапқы өңдеу мен балқыту ақысының тарифін белгілеу әдістемесіне қатысты өз пікірін білдірді. Сарапшының айтуынша, жаһандық нарықтағы уақытша теңгерімсіздіктен қалыптасқан әлемдік көрсеткіштерді Қазақстанның ішкі нарығына соқыр көшіру ұлттық өңдеу өнеркәсібінің дамуын шектеуі мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Талдаушы бүгінгі таңда әлемдік көрсеткіштердің нөлдік немесе теріс деңгейге дейін төмендеуі өңдеу процесінің тегін болғанын білдірмейтінін, бұл тек Қытайдағы балқыту қуаттылықтарының шамадан тыс артуы мен шикізат тапшылығы салдарынан туындаған уақытша конъюнктура екенін атап өтті. Ішкі тарифті анықтау кезінде нарықтық баға мен өндірістің нақты физикалық экономикасын ажырата білу қажет.
«Жаһандық ТС нөлге төмендегенімен, бұл қайта өңдеу тегін болды дегенді білдірмейді, сондықтан оны отандық металлургияның ұзақмерзімді бағдары ретінде қабылдауға болмайды», — деп атап өтті Масанов.
Сонымен қатар сарапшы алтын, күміс және күкірт қышқылын бөліп алудан түсетін табысты автоматты түрде өңдеу тарифінен шегеріп тастау экономикалық тұрғыдан бұрыс екенін алға тартады. Мұндай механизм зауыттарды өндірісті жаңғыртуға және терең қайта өңдеуге инвестиция салудан тайсалануға әкеп соғады, бұл әсіресе металл бөліп алу коэффициенті 95-96 пайызды құрайтын қазақстандық кәсіпорындар үшін өте маңызды.
Осыған байланысты Юрий Масанов мыс тарифін реттеу саясаты шикізат өндірушілер мен өңдеушілер арасындағы теңгерімді сақтап, ішкі өндірісті одан әрі дамытуға ынталандыруы тиіс екенін айтты:
«Кәсіпорын шикізат компоненттерін неғұрлым тиімді бөліп алып, оны тереңірек қайта өңдеген сайын, оның негізгі кайта өңдеу ақысы төмендейтін болса, бұл конструктивті тәсіл емес. Бұл терең қайта өңдеуге инвестиция салуды ынталандырмайды, керісінше шектейді».