Алматыда Satbayev University проректоры ұсталды

Алматыда Satbayev University проректоры ұсталды
ашық дереккөз

Алматыда Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің (Satbayev University) корпоративтік басқару және стратегиялық жоспарлау жөніндегі проректоры Ержан Күлдеев ұсталды. Ол жемқорлық қылмысына қатысы бар деген күдікке ілінді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы журналист Михаил Козачков жазды. Ержан Күлдеев – оқу орнының танымал өкілдерінің бірі. Ол шамамен 40 жыл бұрын аталған университетке студент болып түсіп, кейін осы білім ордасында қызмет атқарып, оқытушылық және басшылық лауазымдарда жұмыс істеген. Кейін корпоративтік басқару және стратегиялық жоспарлау жөніндегі проректор қызметіне дейін көтерілген.

Сондай-ақ оның ғылым саласындағы жетістіктері де аз емес. Ержан Күлдеев – әл-Фараби атындағы Қазақстан Республикасының ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, академик әрі Халықаралық инженерлік академияның корреспондент-мүшесі.

Дереккөз мәліметінше, 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап Ержан Күлдеев қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылған. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, оның әрекеті пара беру бабы бойынша сараланып отыр. Тергеуді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізуде.

Сонымен қатар іс аясында күдіктіге басқа да баптар бойынша айып тағылуы мүмкін екені айтылып отыр.

Айта кетейік, 2026 жылдың сәуір айында Ержан Күлдеев ғылым саласындағы ірі жетістіктері мен жоғары білімді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған болатын.