Қызылорда қаласындағы Өнер орталығында өткен мерекелік салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ тұрғындарын Ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтап, өңірдің даму бағыттары мен жетістіктеріне тоқталды деп хабарлайды Dalanews.kz. Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын маңызды мереке.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн» - деп атап өтті облыс әкімі.

«Бабаларымыздың арманы болған азаттықты аялау, халқымыздың татулығын сақтау – бәріміздің басты мұратымыз», – деді аймақ басшысы.


Облыс әкімі өз сөзінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң өзгерістерге де назар аударды.
Биыл облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн. теңгеден асады. Соңғы үш жылда аймақ экономикасына 1 триллион 600 млрд. теңге инвестиция құйылса, осы жылы 720 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылады. 2025-2028 жылдары құны 2 трлн. теңгеден асатын 89 инвестициялық жоба аясында 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Президент пенҮкіметтің ерекше қолдауымен облыс бюджеті - 851 млрд. 300 млн. теңгеге жетіп, 2022 жылдан бері 233 пайызға өсті. Оның 56 пайызы әлеуметтік салаға бағытталды. Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 47 млрд. теңге болса, биыл 207 млрд. теңгеге жетіп, 4,5 есе артты.
Бұл қаражат халықтың өмір сапасын арттыруға, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға және өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағытталуда.

Республика күніне арналған салтанатта ел дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды.


Мерекелік іс-шара облыс өнерпаздарының концертіне ұласты.
Қызылорда облысы ұлттық мерекені толайым табыстармен, жарқын жетістіктермен және елдік рухты асқақтатқан қуанышпен қарсы алды.
