Халықаралық зерттеушілер тобы көлемі небәрі 2×2 миллиметр болатын нейроимплант жасап шығарды. Бұл құрылғы жасқа байланысты макулалық дегенерация салдарынан көру қабілетін толық жоғалтқан адамдарға да көру мүмкіндігін қайтара алады, деп хабарлайды Dalanews.kz The New England Journal of Medicine (NEJM) ғылыми журналына сілтеме жасап.
Құрылғы қалай жұмыс істейді
Миниатюрлық чип көздің тор қабығының астына орналастырылады және арнайы көзілдірікке орнатылған камерамен бірігіп жұмыс істейді. Камера қоршаған ортаның бейнесін түсіріп, оны сигналдарға айналдырады. Бұл сигналдар тікелей көру нейрондарына беріледі — осылайша, ми қайтадан “көруді үйренеді”.
Зерттеу нәтижелері
Зерттеу барысында 32 қатысушы 12 ай бойы PRIMA жүйесін пайдаланды. Нәтижесінде сынаққа қатысқандардың 80%-ында көру қабілетінде клиникалық тұрғыдан маңызды жақсарулар байқалды.
Дегенмен, бастапқы кезеңде кейбір жанама әсерлер тіркелгенімен, оларды кейін жоюға мүмкіндік туды.
Еуропада қашан пайда болады
Ғалымдардың айтуынша, жаңа имплантат келесі жылы Еуропалық Одақ елдерінде қолжетімді болуы мүмкін.
