Шерзаттың ісі бойынша күдіктілерден ұялы телефон, Алиса тәркіленген

Көркем Алдабергенова 17 ақп. 2025 18:00 1107

Шерзат Болаттың ісі бойынша күдіктілерден ұялы телефон, Алиса құрылғысы тәркіленген. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia-ға сілтеп.

Адвокаттар құқық қорғау органдарына сұрау жіберген. Желіде тараған оқиға Еңбекшіқазақ ауданындағы уақытша ұстау изоляторында болған.

Адвокат Ерлан Адаевтың сөзінше, бұл жағдай бойынша құзырлы органдардан толық ақпарат сұратқан.

«Еңбекші қазақ ауданындағы лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тексеріс аяқталды. Қорытынды Алматы облысысың полиция департаментіне жіберілді. Іске қатысты лауазымды тұлғалардың бәрі де анықталды. Олар тәртіптік комиссия шешімімен жазаға тартылады. Тергеу изоляторында қолданылған заңсыз заттардың бәрі – мобильді телефон, Яндекс-колонка тәркіленіп, қызметтік тергеу матерталдарына тіркелді. Бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелді», – деген ол.

Шерзаттың өліміне қатысы бар деген күдіктілердің изоляторда туған күн тойлаған видеосы әлеуметтік желілерде тарап кеткен еді.

Бұл жағдай қоғамда тағы да резонанс туғызды. Артынша Алматы облысының Полиция департаменті мән-жайды түсіндірді.

«Уақытша ұстау изоляторынан бір тұтқынның туған күнін атап өтуі бейнеленген видеоның таралу фактісі бойынша жан-жақты тексеру жүргізілуде. Барлық кінәлі тұлғалар, соның ішінде басшылық та, қатаң жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды. Осы құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылданды», — деп мәлімдеді полиция.

Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанда Талғарда 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат қаза тапты. Араға біраз уақыт салып Шерзаттың ағвсы Нұрқанат Ғайыпбаев та өлі табылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар