Астанада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның ұйымдастыруымен «Әлеуметтік вектор: кәсібилік, құрмет, цифрлық болашақ» халықаралық форумы өтуде, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне орай өткізілген форум әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін деректер мен цифрлық шешімдер негізінде дамыту мәселелерін талқылауға арналған басты диалог алаңына айналды. Іс-шара Мемлекет басшысы қойған жасанды интеллектіні кеңінен енгізу жөніндегі міндеттерді іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Форум жұмысына ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов, ҚР Президентінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, бейінді ведомстволар мен әлеуметтік сақтандыру қорларының (Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен) өкілдері, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының мүшелері қатысуда.

Форум қатысушыларына жолдаған бейнеүндеуінде Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының (бұдан әрі – ХӘҚҚ) президенті Мохаммед Азман Қазақстанның әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту және инновацияларды енгізу бағытындағы күш-жігерін жоғары бағалады.
«Қазақстанның әлеуметтік қорғаудың осындай озық моделін іске асыру тәжірибесі бүкіл әлем үшін құнды үлгі бола алады. Алға қарай көз тіксек, Қазақстанның өз тәжірибесімен бөлісу және өзге мемлекеттерге осындай тәсілдерді енгізуге жәрдемдесу әлеуеті зор екенін нық сеніммен айтуға болады», – деді Мохаммед Азман.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов өз сөзінде елімізде тиімді әлеуметтік қорғау жүйесін құру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің, ардагерлер мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдаудағы елеулі үлесін атап өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында мемлекет әрбір азаматтың лайықты табысқа ие болып, сапалы әлеуметтік қызметтер алуы және өз болашағына сенімді болуы үшін барлық жағдайды жасайтынын атап өтті. Біздің басты міндеттеріміз – әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін дамыту және осы салаға үздік халықаралық стандарттарды енгізу. Әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуда жаппай цифрландыруға маңызды рөл берілген. Бүгінде ЖИ-дің жаңа технологиялары әлеуметтік-еңбек қатынастарының барлық салаларына белсенді түрде енгізілуде», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының (ХӘҚҚ) Бас хатшысы Марсело Аби-Рамиа Каэтано форум қатысушыларына жолдаған бейнеүндеуінде Қазақстанның ХӘҚҚ-ның жаһандық қауымдастығын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалап, елдің әлеуметтік саланы цифрландырудағы жетістіктерін ерекше атап өтті.
«Қазақстанның «Отбасының цифрлық картасы» мен «Әлеуметтік қызметтер порталы» сияқты инновациялық құралдары технологияларды әлеуметтік саясатқа тиімді енгізудің жарқын үлгісі саналады және ХӘҚҚ тарапынан үздік тәжірибе ретінде мойындалды. Мемлекеттік қолдауға мұқтаж азаматтарды проактивті түрде анықтау жөніндегі Қазақстан тәжірибесі қауымдастық мүшелері арасында кеңінен таратуға лайық», – деді Марсело Аби-Рамиа Каэтано.

Өз сөзінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова әлеуметтік қолдау тәсілдерін трансформациялау үдерісіне назар аударды.
«Әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі – біз бүгін жүзеге асырып жатқан әлеуметтік қолдау архитектурасын түрлендіру жөніндегі ауқымды жұмыстың негізі. Біз дәстүрлі тәсілдерден нақты мұқтаждық критерийлеріне негізделген, адамға бағдарланған жаңа модельге көшіп келеміз. Өзгерістердің өзегінде – мемлекеттік қолдау шараларының Бірыңғай цифрлық платформасын енгізу. Оның негізгі тетігі – үй шаруашылықтарын скорингтік моделдеу. Цифрлық технологиялар отбасылардың нақты қажеттіліктерін көруге және шешімдерді объективті деректер негізінде қабылдауға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді Светлана Жақыпова.
Форумның негізгі сессиясында әлеуметтік саладағы жасанды интеллекттің рөлі талқыланды. Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабтың Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов негізгі сессия модераторы болды. Бұл бөлімде әлеуметтік салада жасанды интеллектті қолданудың маңызы мен әлеуеті талқыланды. Негізгі баяндамамен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай сөз сөйлеп, Министрлік қызметінде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу барысына шолу жасады. Ол әлеуметтік қолдау жүйесінің цифрландырылуы, Әлеуметтік қызметтер порталының жұмысы, сондай-ақ мүгедектікті қашықтан белгілеу және атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үдерісінде ЖИ технологияларын қолдану жөнінде егжей-тегжейлі баяндады. «Өтініш берушілердің құқықтарын қорғау мен бақылау тетігі толық сақтай отырып ЖИ тиімділікті арттырады», – деп атап өтті ол.

Әзірбайжанның Тұрақты және жедел әлеуметтік қамсыздандыру агенттігі (DOST) басқарма төрағасының орынбасары Сеймур Алыев әлеуметтік қорғау жүйесін цифрландыру тәжірибесімен бөлісті. Ол өз елінде қызмет көрсетуге инновациялық тәсілдерді енгізу туралы баяндап берді.
БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі, елдік кеңсенің басшысы Саранго Раднарагча өз сөзінде әлеуметтік саланы цифрландыру жөніндегі Қазақстанның бастамалары көрсетілетін қызметтердің сапасы мен дәлдігін арттыру тұрғысынан ерекше өзектілікке ие екенін атап өтті.
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ басқарма төрағасы Алмас Құрманов әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына әлеуметтік тәуекелдердің 5 түрі туындаған жағдайда төлемдерді тағайындаудың негізгі тәсілдері туралы айтты.
Форум қатысушылары әлеуметтік саладағы цифрлық шешімдерді одан әрі дамыту үшін халықаралық ынтымақтастық пен үздік тәжірибелермен алмасудың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің цифрлық шешімдеріне арналған LED-көрме, сондай-ақ инновациялық оңалту құралдарының көрмесі ұйымдастырылды.
Форумның қорытынды бөлімінде әлеуметтік сала ардагерлері мен қызметкерлерін, республикалық «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері және үздік әлеуметтік жоба» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімдері және мүгедектігі бар жандардың шығармашылық ұжымдары қатысатын мерекелік концерт өтеді.
