Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеруі

Асель Қайратқызы 25 қаз. 2025 11:20

Экономист Алмас Чукин Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтеру шешімінің салдарын Facebook парақшасында талдады деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшының айтуынша, мұндай жоғары мөлшерлеме ел экономикасына айтарлықтай қысым жасайды және несие алу мүмкіндігін күрт төмендетеді.

«18% – бұл өте жоғары көрсеткіш, бірақ тамыздан бері байқалған инфляцияның күрт өсуі де елеулі қауіп тудырып отыр. Егер Ұлттық банк қаржыны 18% мөлшерлемемен берсе, онда коммерциялық банктер ең сенімді клиенттерге де қысқа мерзімге 22%-бен несие ұсынады. Ал халық үшін ипотека мен автонесие 24–25%-ға дейін, ал тұтынушылық несие 40%-ға дейін өседі», – дейді экономист.

Оның сөзінше, мұндай жағдайда бизнес үшін инвестициялық жобаларды іске асыру тиімсіз болады, өйткені жоғары пайызбен алынған несие ешбір жобаны өзін-өзі ақтай алмайтындай етеді.

«Мүмкін тек сауда саласында – тауарды әкеліп, үстеме қосып, тез сатып үлгеру арқылы жұмыс істеу ғана қолжетімді болар. Бірақ мұндай “агрессивті тежегіш” сұранысты күрт төмендетіп, әсіресе құрылыс саласына ауыр соққы береді. Артынша оған байланысты барлық салалар – жөндеу, жиһаз, шағын және орта бизнес зардап шегеді», – деп атап өтті Чукин.

Сарапшының пікірінше, мұндай «қатты шаралар» коммерциялық несиелендіруді, жеке бизнестің дамуын және халықтың тұтынушылық белсенділігін тежейді.

«Теория бойынша, бағаның өсуі өндіріс пен ұсынысты арттыруға түрткі болуы керек. Алайда іс жүзінде біздің кәсіпкерлер бағаны көтеріп, бұрынғы көлеммен жұмыс істеуді жөн көреді. Сондықтан инфляцияның табиғи тежелу механизмі бұзылады», – деді Алмас Чукин өз парақшасында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар