Торғай өңірінде дүниеге келіп, кейін шетелге асырап алынған Жәнібекке, яғни Jani Saveliev-ке қатысты жаңа мәлімет пайда болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Редакцияға жолданған хатта Жәнібектің биологиялық анасы болуы мүмкін әйел туралы деректер айтылған. Хат авторының сөзінше, бұл мәліметтер Жәнібектің бұған дейін белгілі болған өмірбаянымен сәйкес келеді.
Айтылған дерекке қарағанда, күдік тудырған әйел 2002 жылдары Моңғолиядан Арқалық қаласына оқуға келген. Сол уақытта жүкті болып қалған ол бұл жағдайды ата-анасына айтуға қорқып, перзентханада босанғаннан кейін арнайы қолхат жазып, баласынан бас тартқан.
Хат авторы бұл әйел өзінің қайын әпкесі екенін жеткізген. Оның айтуынша, сол кезде дүниеге келген бала Жәнібек болуы мүмкін. Себебі олардың туған күндері сәйкес келеді.
Сондай-ақ әйел Жәнібектің өзіне қатты ұқсайтынын айтқан. Бұл жағдай күдікті одан әрі күшейткен.
Хат соңында автор қайын әпкесінің ДНҚ сараптамасын тапсырып, Жәнібекпен туыстық байланысы бар-жоғын анықтағысы келетінін жазған.