Көрнекті ғалым, география ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Сәрсенқызы Бейсенова дүниеден өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әлия Бейсенова отандық география және экология ғылымдарының дамуына зор үлес қосқан белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз әрі парасатты тұлға еді. Ол ұзақ жылдық ғылыми-педагогикалық қызметінде ұлттық ғылымның өркендеуіне еңбек сіңіріп, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Сондай-ақ іргелі ғылыми еңбектер жазып, білім саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Әлия Сәрсенқызы қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Қирабаевтың өмірлік жары, сенімді серігі болды. Ғылым мен білімге ғұмырын арнаған бұл әулеттің өнегелі жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек.
Әлия Бейсенова М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымына ерекше ықыласпен қарап, мекеменің әр жетістігіне қуанып, үнемі қолдау білдіріп жүрген жан еді. Марқұмның мейірімді болмысы, парасатты келбеті мен қамқорлығы институт қызметкерлерінің жадында сақталады.
Осы ауыр қазаға байланысты М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы және институт директоры Кенжехан Матыжанов Қирабаевтар әулетіне, туған-туыстары мен жақындарына, шәкірттеріне қайғыра көңіл айтты.