Freedom Inside '26

16 жыл бұрын сотталған әйел Қырғызстаннан экстрадицияланды

16 жыл бұрын сотталған әйел Қырғызстаннан экстрадицияланды
видео кадры

Аса ірі мөлшердегі есірткі контрабандасы үшін сотталған адам Қырғыз Республикасынан экстрадицияланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстанның Бас прокуратурасы аса ірі мөлшердегі есірткі контрабандасы және оларды өткізгені үшін сотталған Қазақстан азаматын Қырғыз Республикасынан экстрадициялады.

Іздеуде жүрген адам 2010 жылы ақшалай сыйақы үшін салмағы 1 келіден асатын гашиш есірткісін Қазақстанның мемлекеттік шекарасы арқылы заңсыз өткізген. Осы үшін Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының 2010 жылғы үкімімен кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 15 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған.

Алайда асырауында баласы болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі бала он төрт жасқа толғанға дейін кейінге қалдырылған.

Ол пробациялық бақылауда бола тұра, 2017 жылы сот үкімін орындаудан жалтарған. Осыған байланысты халықаралық іздеу жарияланған. Ол биыл наурызда Бішкек қаласында ұсталып, Отанына экстрадицияланды. Қазір тергеу изоляторына қамалды.