Қазақстанның Бас прокуратурасы Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевқа тиесілі активтерді зерттеп жатыр. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс депутатының сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Еске салайық, биыл қыркүйекте депутат Ринат Зайытов өз сауалында сот Нұрбол Назарбаевтан 57 млрд теңге көлеміндегі активтерді тәркілеп, мемлекет меншігіне қайтарғанын айтқан еді. Сондай-ақ оған 925 млн және 230,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
"Ең бастысы, оның барлық банк есепшоты бұғатталды. Ол компания табысына да, жеке мүлкіне де иелік ету құқығынан айырылды. Қоғамда бұл отбасының еліміздегі бірқатар базарға, соның ішінде атышулы “Алтын Орда” нарығына қатысы бар деген әңгімелер жиі айтылады. Сонымен бірге Алматы қаласы мен облысындағы заңсыз иемденілген жер телімдері туралы да айтылып жүр. Алайда бұл нысандар тәркіленген активтердің қатарында бар-жоғы әзірге белгісіз. Себебі бұл мәселенің нақты деректері ресми түрде жарияланған жоқ", – делінген депутаттық сауалда.
Зайытов Нұрбол Назарбаевқа тиесілі кәсіпорындар мен мүлікті түгендеп, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтаруды талап етті.
Берік Асылов өз жауабында Нұрбол Назарбаевқа қатысты активтер арнайы құрылған активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның жұмысына енгізілгенін айтты.
"Активтерді қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижелері заңмен қорғалатын құпиялылық талаптарын ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырады. Сұрауыңызда көрсетілген тұлға да заң аясында аталған жұмысқа енгізілді. Алайда заңның 8-бабының 3-тармағына сәйкес, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган мен комиссия мүшелері алынған ақпараттың құпиялығын қамтамасыз етуге міндетті. Сіз ұсынған мәліметтер заңсыз иемденілген активтерді анықтау, бұғаттау және қайтару бойынша жұмыс барысында ескерілетін болады", – деді Бас прокурор.
Сонымен қатар ол активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссия жалпы құны 1,3 трлн теңге болатын активтер бойынша шаралар қабылдағанын атап өтті. Оның ішінде 750 млрд теңге ерікті түрде қайтарылған, сондай-ақ 103 млрд теңге көлеміндегі мүлік мемлекетке өткізілген. Қайтарылған активтер есебінен 400-ден астам әлеуметтік нысан салу жоспарланған, оның 68-і қазірдің өзінде салынып бітті. Бұдан бөлек, 112 млрд теңгеге жуық активті қайтару бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
Ал 1 қазанда Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи да Нұрбол Назарбаевқа қатысты рейдерлік фактілерді мәлімдеген болатын. Ол Қарағанды облысындағы кәсіпкердің бизнесін тартып алу оқиғасын мысалға келтіріп, осы бойынша тоқтатылған қылмыстық істі қайта қарауды талап етті.
Берік Асыловтың айтуынша, Алматыда ДЭР (экономикалық тергеу департаменті) кәсіпкер Ерментаевқа тиесілі ТОО «ПОРУС» компаниясындағы 16% үлестің заңсыз қайта тіркелуіне қатысты тергеу жүргізген. Биыл 22 ақпанда «қылмыс құрамы болмағандықтан» іс тоқтатылған. Алайда кейін кәсіпкер ұсынған жаңа дәлелдер ескеріліп, 2025 жылғы 9 қазанда іс қайта қарауға жіберілді.
