Жақында Астанада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Жаңа адамдар” жастар қозғалысының форумы өтті. Мұнда Президент жастармен еркін форматта пікір алмасты. Аталған жиынға қатысты журналист әрі қоғам белсендісі Алмас Алтай мен Қазақстандық қоғамдық даму ұйымының сарапшысы Жақсыбек Жиеналиев өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстанда жастардың өзекті мәселелерін ашық талқылайтын жаңа алаң қалыптасып келеді. “Жаңа адамдар” форумы – жастардың өзіндік мінбері. Мұнда күн тәртібін шенеуніктер емес, қоғамның белсенді жас өкілдері қалыптастырады.
Журналист әрі қоғам белсендісі Алмас Алтай бұл форумның форматына назар аударып, оның бұрынғы жиындардан ерекшеленетінін атап өтті.
“Мемлекет басшысының саяси мінберден, ресми жиналыстардан, жолдауларынан жастар тақырыбын қалдырмай қозғап, ұдайы әңгімесіне қосып жүретінін білеміз. Алайда мынадай шараға барғанын көрмеппіз. Ашық, емін-еркін, галстуксыз кіріп барды. Жастар айылын жиып тұрған жоқ. “Алдымда Мемлекет басшысы тұр-ау” деген орынсыз кібіртіктеу байқалмайды, жарқылдап ашық сөйлейді”, — деп жазды ол.
Алтайдың сөзінше, кездесудің бейресми аурасы Президенттің еркін диалог құруына да ықпал еткен.
“Ана жерді кернеген қуат, эмоциялар Президенттің өзін де елтіп, ертіп кеткендей: қандай жиында да салқын сабырынан ауытқымай, бірқалыпты ырғақпен соқтырып шығатын Кемелұлының дауысы толқып, көп ретте көтеріңкі реңкте сөйледі — бұған да таңғалдым”, — дейді ол.
Алмас Алтай форум барысында көтерілген бастамаларды жоғары бағалап, бұл тек жастар үшін емес, бүкіл қазақ қоғамына қажетті қадам екенін атап өтті.
“Жаңа адамдардың” артында кім тұрғанын білмедім. Бірақ, мемлекетке сөзін өткізе алатын, айтқанын тыңдата алатын бір қауым пайда болғаны анық. Президенттің алдында іркілмей, толғандырған мәселелерін төге салғаны — мемлекетке сигнал секілді. Енді мына қауыммен санасу керек-ақ… Жастар бұлай өрекпи берер болса, билікке кәдімгідей салмақ та түсуі кәдік!” — деп жазды журналист.
Сонымен қатар Тоқаев кездесу барысында жастар үшін аса маңызды шығармашылық, әдебиет, кино, жаңа технологияларға қолдау көрсететін арнайы қор құрылатынын мәлімдеді.
“Бұл жастарға ғана емес, тұтас қазақ қоғамына қажет нәрсе”, — деді Алмас Алтай.
Оның айтуынша, бұл – мемлекеттің жастардың талап-тілектерін елеусіз қалдыра алмайтынын көрсететін маңызды белгі.
“Әдебиет пен киноға, жалпы руханиятқа бағытталған қамқорлық деген маған ерекше ұнайды! Түптеп келгенде, бұны Ұлтқа қамқорлық деп білем”, — деді ол.
Сондай-ақ Қазақстандық қоғамдық даму ұйымының сарапшысы Жақсыбек Жиеналиев Қазақстан жастары – елдің басты ресурсы, жаңашылдық пен өзгерістердің бастамашысы екенін атап өтті.
"Әрбір ұлттың баянды болашағы – оның ұрпағымен тікелей байланысты. Жастардың қуаты, жаңашылдығы мен қайрат-жігері қоғамды алға жетелейтін ең үлкен күш. Жастар - ел дамуының басты ресурсы, сарқылмайтын энергия, жаңа идеялар мен өзгерістердің бастаушысы деп білемін.

"Бұл форум еліміздегі белсенді, айтары бар жастардың басын қосты. Ең бастысы - еркіндік. Ойыңды, көзқарасыңды тіпті наразылығыңды ашық жеткізу. Билікке жастардың үні жетті деп ойлаймын, себебі кездесуге Президенттің өзі қатысты. Көрді, тыңдады, ой түйді. Бұл – біздің қоғамда жастарды тыңдайтын, жастардың күшін мойындайтын, жастар сөйлейтін жаңа алаңның, жаңа буынның қалыптасып жатқанын білдіреді", - деді ол.
"Мемлекет "Жаңа адамдармен" санасуға мәжбүр. Билік үшін бұл қозғалыс ыңғайлы, өйткені ол жастардың көптеген мәселелерін шешуге көмектеседі. Әйтсе де, медальдың екі жағы бар дегендей, қозғалыстың бастамалары жүйені алаңдатуы мүмкін, өйткені олар халықтың арасынан шығады, ешкімнің айтқанына көніп, айдауына жүрмейді.
“Жаңа адамдар” деген кімдер?
Айта кетейік, 8 ақпанда “Жаңа адамдар” деп аталатын жастар қозғалысының форумы өтті. Бұл жиынға Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып, жастардың көтерген мәселелерін тыңдады.
Қозғалыстың 19 қалада кампусы және 15 мыңға жуық белсенді мүшесі бар. Олар азаматтық бастамалар мен акцияларды ұйымдастырып, қоғамдағы өзекті проблемаларға назар аудартып келеді. Атап айтқанда, вандализм, қоқыс тастау, кәмелетке толмағандарға ішімдік сату, есірткі тарату сияқты мәселелерге қарсы күрес жүргізіп, өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіріп жүр.
Жастар көтерген мәселелерге биліктің назар аударуы – қоғамның өзгеріп келе жатқанының белгісі. Ендігі кезекте “Жаңа адамдар” қозғалысы өз үнін қаншалықты қатты шығара алады және олардың бастамалары нақты іске аса ма – оны уақыт көрсетеді.