Үкімет көктемгі егіс маусымына дайындыққа және шегірткемен күреске бөлінген қаржы көлемін атады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің сөзінше, биыл шегірткемен күреске бөлінетін 7 млрд теңге қаржы дайын.
"Былтырғы проблемаларды есепке алдық, 7 млрд теңге қаражат дайын. Былтыр зиянкестің таралу аумағы 3 млн гектар болса, биыл 2 млн гектарға дейін азайды. Қосымша қаражат қарап жатырмыз. Былтырғыдай жағдай болмайды, химиялық реагенттер сатып алынды, техника дайын", -деді Жұманғарин.
Еске салайық, былтыр жазда 2,5 млн гектар аумақты шегіртке басуы мүмкін екені белгілі болды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі мәлімдеді. Олжас Тілебалдиннің айтуынша, Ақтөбе, Қостанай және Түркістан облыстарына төнген қауіп жоғары. Сондықтан жергілікті жерлерде жұмысты үйлестіру үшін жедел штаб құрылған.
Зиянкеспен күреске 427 арнайы техника жұмылдырылған. Барлық аймақтарға химиялық препараттар жеткізілді, – деген еді Тілебалдин.