Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта шағын және орта кәсіпті қолдау үшін басқа да шаралар қабылданатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Соңғы кезде маған жаңа Салық кодексіне қатысты көптеген өтініш түсті. Мен премьер-министрге нақты тапсырмамды бердім. Үкімет арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін кәсіптердің тізімін бұрынғы қалпында қалдырды. Алдағы уақытта шағын және орта кәсіпті қолдау үшін басқа да шаралар қолданылады. Бизнес салық реформасынан зардап шекпеуге тиіс", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, ондай жағдайдың алдын алу үшін Үкімет кәсіпкерлермен сындарлы диалог жүргізуі қажет.
"Дегенмен экономикалық реформаларды мүлде тоқтатуға болмайды, қаншалықты қиын болса да, оң өзгерістерді міндетті түрде жүзеге асыруымыз керек. Әйтпесе бәріміз жаппай құлдырауға ұшырауымыз әбден мүмкін. Мемлекет, бизнес және жалпы қоғам күш біріктіргенде ғана Әділетті Қазақстанды құра аламыз. Еліміз еңсесін тіктеді, аяғына нық тұрды. Экономикада оң қарқын байқалады. Халықаралық қаржы институттары тарапынан жоғары несие рейтингін иеленіп жатыр. Экономика дамуының негізгі көрсеткіші – халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасының артуы. Бұл – менің берік ұстанымым", - деді Мемлекет басшысы.
