Онлайн оқудың олқылықтары туралы педагогика ғылымдарының кандидаты, Нұр-Сұлтан қаласындағы І.Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры Самал Ботаханқызы айтып берді.
...
Біріншісі - онлайн оқу кезінде мұғалімді аса қажет етпей керек ақпаратты өздігінен ізденіп оқуға бейімі бар оқушылар. Мұндай балаларға қашықтан оқу пайдалы болды. Себебі өзінің әлеміне кіріп, қызық тақырыпты зерттеуге мүмкіншілігі артты. Қазіргі жаңа оқыту технологиясының меңзейтіні де мұғалім тек бағыт-бағдар беруші. Ал білім алушы ары қарай пәнді тек мемлекеттік бағдарлама бойынша ғана емес, басқа да шет мемлекеттердің сайттарынан оқып салыстырмалы түрде анализ жасауға дағдылануы керек. Бұл арада оқытушы мен оқушы арасында тікелей байланыс жоқ деген сөз емес. Мектебіміздегі 2600 баланың 20%-ы осы оқушылардың қатарынан табылды.
Екіншісі –
мұндай әдіске бұрын-соңды арнайы әзірленіп, бейімделмеген оқушыға да, оқытушыға да бейтаныс дүние болды. Басына жәй түскендей, әбіржіп қалды.
Оған қоса оқытушыдан арақашықтықта оқу тек баланы ғана емес ата-анасын да үлкен стреске алып келді. Онлайн оқу кезінде олқылықтар көп байқалды. 7-ші сыныпқа енді көшкен оқушылар үшін қиын болды. Себебі, физика, химия сынды техникалық пәндерді жаңа меңгерейін деп жатқан балаға түсініксіз және қиын дүние болып көрінді. Сондай-ақ жазу сабақтарын компьютер арқылы орындағандықтан, орфография біршама ақсаңдап қалды. Қазіргі біздің міндет - сол кезде жіберіп алған оқу шығындарын жылдам қалпына келтіру.
Шыны керек, біз қазір қиын жағдайда тұрмыз. Екі жылдай онлайн режимге үйреніп қалған баланы қазір қайта дәстүрлі оқу үдерісіне алып келу оңай болып тұрған жоқ. Себебі онлайн оқу баланы жаттанды, құрғақ оқуға дағдыландырып тастағандықтан, оны қайта білімге деген құштарлығын ояту мұғалімнің мойнында тұрған үлкен жүк. Ол үшін оқытушы педагогикалық және психологиялық тұрғыдан білікті болуы маңызды.
«Ауырғанын жасырған өледі» демекші, қазір біз бар мәселені ашық айтып, сонымен үздіксіз жұмыс жасап күресуіміз керек. Мұғалімдер күнде сабақтан тыс балаларды алып қалып қосымша білім беруде. Және әр оқушы өзіңе ұнайтын мұғалімді таңдауға құқы бар.
Яғни, бұл оқушының оқуға деген ынтасын күшейтеді. Өз кезегінде, әкімшілік ұжым әр сыныптың тек білім деңгейін ғана емес, психологиялық ахуалын, қауіпсіздік жағдайын бақылап отырады. Бір қызығы, онлайн кезінде мектептің білім сапасы түскен жоқ.
Ал офлайн режимге көшкеннен кейін білім сапасы біршама түскені байқалды. Оның себебін анықтаған кезде бала тапсырма орындау кезінде көмекші құралдарды пайдаланғаны белгілі болды. Балалар қазір қайта бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Бір тоқсан бойы біз олармен үздіксіз жұмыс жасаудамыз.
Психолотардың айтуынша, оқушы өз үйін, өз бөлмесін сабақ орны деп қабылдай бермейді. Өйткені бала мектепке келгенде: «сабақ басталды» деген сигнал алады, үзіліс қоңырауын естігенде: «сабақ бітті» деп қабылдайды. Оқу барысында қозғалыс, қимыл-әрекет, әлеуметтік белсенділік те өте маңызды. Бір-бірімен қарым-қатынас жасай отырып, балалар өз бойындағы ақпаратты қабылдау, игеру тұстарын күшейте түседі.
Мен өз тәжірибемде аңғарғаным оқушыға «мынаны оқы, жаз» деп тапсырма бергеннен гөрі, шығармашылық қабілетін дамыта білуі одан да маңызды. Яғни, түрлі мектеп жобаларына, олимпиадаларға қатыстыру керек. Қазір бізде 15 түрлі жоба қолға алынып тұр: «Наука в школе», «Болашақ химик», «Кванттық механика», «Атилла» деген жобалар арқылы баланың техникалық пәндерге қызығушылығын арттырудамыз.
Оқыту процесінде топтық динамика деген түсінік бар, мұнда психологиялық ынталандыру факторлары ерекше тәсілмен жұмыс істейді. Айталық, балалар бір-бірімен жарысуы мүмкін немесе олар сыныптастарының алдында мейлінше ақылды, қызықты болып көрінгісі келеді. Содан да топ алдында, көпшілік алдында тырысып бағу деген ұмтылыс пайда болады. Баланың оқып, білім алу мотивациясы әдетте топ ішінде қалыптасуы заңды құбылыс.
Қашықтан оқу кезінде жұмыста жүрген ата-ана үйде отырған баланың сабағын барынша бақылап, қадағалай да бермейді. Осының салдарынан баланың тәртібі де төмендеп кеткен.
Бауыржан Момышұлы «тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, балаға бірінші жақсы тәрбие беру керек. Қазір білім министрі Ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып алмау үшін сабақ арасындағы үзілістерде оқушылардың қара домбыраны қолға алып түрлі күйлерді орындауы, ұмыт болып бара жатқан қазақ әндерін тыңдауы бекер жасап жатқан дүние емес. Сондай-ақ Абайдың қара сөздерін, ақындардың шығармаларын оқытып, оқушылардың рухани дүниесін байытуға үлкен мән беруіміз – жарқын болашаққа жасалып отырған үлкен қадам. Әрбір қазақ жастары өн бойларында ұлттық намысын жоғары қою керек. Еліміздің бейбіт аспанында өмір сүріп жатқан қазақ жастарының білімді болуы үшін бар күш-жігерімізді жұмсап жұмыс жасаймыз. Ел сенімін, үмітін ақтау – жастардың қолында.