Павлодар облысында дауыл салдарынан тағы бір адам көз жұмды

Ақтоты Жапатова 03 шіл. 2025 16:38

Павлодар облысында 19 маусымда соққан дүлей дауылдың салдарынан тағы бір тұрғын қайтыс болды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Белгілі болғандай, Екібастұз қаласындағы жеке үйлердің бірінде тұратын 76 жастағы әйелдің үстіне ауласындағы ағаш құлаған. Зейнеткер ауыр жарақатпен бірден ауруханаға жеткізілген.

– 19 маусымда жедел жәрдем қызметі 76 жастағы науқасты Екібастұз қалалық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізді. Әйел адамның айтуынша, оның үстіне үй ауласындағы ағаш құлаған. Ол ауыр халде жансақтау бөліміне жатқызылды, – деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Дәрігерлер зейнеткердің өмірі үшін бір апта бойы күрескенімен, өкінішке қарай, оның өмірін сақтап қала алмады. Ақ халаттылардың айтуынша, дене жарақаттарынан бөлек, әйел адамның қант диабеті мен жүрек ауруы да жағдайды ушықтыра түскен.

Еске салайық, дәл сол күні Ақсу қаласында ағаштың сынығы көлікте отырған әйелдің кеудесіне қадалып, ол оқиға орнында көз жұмған болатын. 

Жалпы, дауыл салдарынан сол күні 16 адам дәрігер көмегіне жүгінген, олардың үшеуі – балалар. Бүгінде барлығы үйлеріне шығарылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар