Сауд Арабиясы мұнай өндірісі бойынша белгіленген квотаны бұзған ОПЕК+ елдеріне бағаның төмендеуі мүмкін екенін тағы бір мәрте ескертті. Bloomberg "Эр-Рияд ұйым шеңберінде әділдік танытып, белгіленген квотаны бұзушы Ирак пен Қазақстан сияқты ұйым өкілдерін жазалауға ниетті" деп жазады. Расында, сенбіде ұйымға мүше елдер маусым айына арналған өндіріс көлемін тәулігіне тағы 411 000 баррельге дейін ұлғайту туралы келісімге келді. Бұл шешім – ОПЕК-тің "қара алтын" өндірісін ұлғайту бойынша биыл қабылдаған екіншісі. Бірінші жағдайда, әлемдік нарықтағы баға 70-тен 60 долларға дейін құлдыраған. Сондықтан екінші шешімнің де тағы да осындай ықпалы боларына ешкім шүбә келтірмейді. Мұндайда, әсіресе, екі оттың ортасында қалып отырған Қазақстанның жағдайы қиынға соқпақ, деп жазады Dalanews.kz.
"Ерікті шектеу құқығына ие ОПЕК+ елдері 2025 жылы маусымда тәулігіне өндірілетін мұнайдың шекті көлемін тағы 411 мың баррельге арттырады" делінген ОПЕК+ хабарламасында.
Бұл арада ОПЕК-ке мүше 19 елдің сегізі – Ресей, Ирак, Сауд Арабиясы, Кувейт, БАӘ, Алжир, Қазақстан және Оман квотадан бөлек мұнай өндірісі көлемін ерікті шектеу құқығына ие екенін баса айта кетелік. Бұл елдерге 2026 жылдың соңына дейін тәулігіне 1,65 млн баррель өндірісі көлемінде шектеу қойылған, ал тәулігіне 2,2 млн баррель шектеу кейінге шегеріліп, қаңтардан емес, биылғы жылдың сәуір айынан бастау туралы шешім қабылданған.
Жаза ма, шынайы жағдай ма: Қытай қазақ мұнайының тұтынысын 82%-ға қысқартты
Бүгіндері тәулігіне 1,47 млн баррель квотаға ие Қазақстан тәулігіне 1,82 млн барелль мұнай өндіріп, шекті көлемнен асып кетуде. Егер өз еркі болса, Қазақстан бұл көлемді шектей де алар еді. Алайда өндіріс біздікі емес, ТШО, NCOC, KPO сынды америкалық алпауыт компаниялар еншісінде. Ал олар бұл ұйымға мүше болмағандықтан, аталған шектеуді місе де тұтпайды. Түптеп келгенде, Қазақстан ОПЕК-тен шығып тынуы да мүмкін екені жиі айтылады. Бірақ, бұл мәселе шешімі болмайын деп тұр. Себебі әлемдік бағаны реттейтін – ОПЕК. Бағадан бөлек геосаяси әрекеттер де бар бұл арада. Мәселен, Қазақстанның 2025 жылдың І-тоқсанында шикі мұнай экспорты көлемі бойынша 14%-ға, ал ақшалай 21%-ға немесе 8,6 млрд долларға дейін күрт қысқарған. Ал бұл Қазақстанның осыған дейін мұнайын өткізіп келген кейбір жекелеген нарықтардан айырылып жатқанын білдіреді. Жыл басында Қазақстан мұнайын тұтынуды Қытай 82%-ға, Сингапур 74%-ға бір-ақ қысқартқан. Ал Оңтүстік Корея, Үндістан, Ұлыбритания, Хорватия, Польша және Бруней секілді алты мемлекет мүлде Қазақстан мұнайын тұтынудан бас тартқан. Яғни, мұнайдың арзандауы өз алдына, дер кезінде маневр жасауды талап ететін геосаяси іс-қимылдар да бар осындай. Бұл - ОПЕК-тің алдындағы өндіріс көлемін арттыру туралы шешімі аясында сипат алған теріс құбылыстар.
Жаңа Салық кодексі мен мұнай бағасының қандай байланысы бар?
Бүгін Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің құны 3,26%-ға немесе 59,29 долларға дейін, WTI маркалы мұнайдың баррелі 3,57% - ға, яғни 56,21 долларға дейін төмендеді. Осы жағынан алғанда, мұнайдың бір баррелінің бағасы 60 емес, 50 доллар болуы да шынайылыққа айналып келеді. Ал, өздеріңізге белгілі,Қазақстан бюджеті онсыз да тапшылыққа бой ұрған. Енді мұнай табысының азаюына байланысты бұл мәселе қоюлана түсері хақ.
ОПЕК алғаш ауыр қозғалған кезде – сәуірде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет мұнайдың бір баррелінің құны 50 және 55 долларға дейін төмендеуі ықтимал жағдайға қатысты бірнеше даму сценариін дайындап жатқанын мәлімдеген. Яғни, Үкімет бұл жағдайдың шиелене түсетіндігінен хабардар. Сол кезде министр Қазақстанның бюджеті, негізінен, мұнай кірісі есебінен қалыптасады және бүгінгі таңдағыдай мұнай баррелінің әлемдік бағасы 60 долларға дейін төмендеуі өздерін пессимистік сценарийге көшуге мәжбүр еткенін айтқан еді.
"Біз пессимистік сценарийге жақындап қалдық. Онда бір баррель 60 доллар тұрғысында қарастырылған. Біз қазірдің өзінде бюджеттің қандай шығындарын қысқартатынымызды, қайсысын бәрібір қысқартпайтынымызды анық біліп отырмыз. Кеше біз есептеуді бастадық. Менің ойымша, бүгін-ертең баға 55 және 50 доллар болған жағдайға қатысты даму сценариін әзірлеуді аяқтаймыз", - деді Серік Жұманғарин.
Премьер-министрдің орынбасары Қазақстан дағдарысты бірнеше рет басынан өткізгенін атап өтті. Мұндай уақытта инфрақұрылымдарды салып, жұмыс орындарын ашу қажет. Үкімет осы аксиомаға баса назар аударады.
"Ұлттық қордың рөлін ұмытпалық. Ол дәл осындай жағдайларда сақтандыру "жастығы" рөлін атқаруы тиіс. Бұған дейін біз оны бірнеше жыл бойы басқа мақсаттарға қолданып келдік әрі бұл ретте дұрыс сынға ұшырадық. Бүгін Салық кодексі бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл, ең алдымен, осы сынға жауап. Біз мемлекеттік қаржыны тұрақтандырып, Ұлттық қордан ақша алуды, нысаналы трансферттердің көлемін қысқартуды қалаймыз", - деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Яғни, Үкімет өкілі көптеген жеңілдіктерді алып тастайтын, керісінше салық көлемін ұлғайтуды қарастыратын жаңа Салық кодексі осы сыни тегеуіріндерге қарсы қабылданған шараның бірі екенін сол кезде айтып қалып еді.
"Еншімізде екі ай бар". Кәсіпкерлер не деп дабыл қағуда?
Ал еліміздегі Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Құлекеев лаң салып жатқан ОПЕК-тен бөлек АҚШ-тың әлемге жариялаған сауда соғысы да Қазақстанға оңайға тиіп жатпағанын мойындаған. Оның айтуынша, жылдың басында экспорт көлемінің 12%-ға төмендеп, шамамен 2,5 млрд долларға дейін қысқарды. Ол мұндай құлдырау дабыл қағарлық белгі екенін айтады.
"Әлемдік экономика тұрақсыздығы мен Қытай жағдайының беймәлімдігі аясында өсімнің 2%-ға баяулауы күтіледі. Мұндайда біздің бизнеске деген қауіп-қатер тәуекелдері күшейе түседі. Біздің еншімізде, ең көп дегенде екі ай бар, яғни Қазақстан жаһандық құбылмалылықтың салдарын шындап сезіне бастауына дейін. Сауда-экономикалық қызметті жүзеге асыратын мыңдаған кәсіпкерлер бәрінен бұрын қиындықтарға тап болуы мүмкін", - дейді ол "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында.
Мұны Құлекеев сәуірдің соңында айтқан. Оның "еншімізде екі-ақ ай бар" дегенін есепке алсақ, маусымның соңы, шілденің басында бизнес қалшылдай бастауы мүмкін.
Қалай дегенмен де ACER ағымдағы жылы еліміздің мемлекеттік бюджет тапшылығы 3,68 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің -2,4%-ын құрайды деп күтеді.