Қазақстанға ресейлік инвестиция оффшор арқылы келген - елші Бородавкин

Көркем Алдабергенова 02 мам. 2025 09:21 246

Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин Қазақстан экономикасына салынған ресейлік инвестицияның шынайы көлемі ресми деректен әлдеқайда жоғары екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Елшінің айтуынша, Қазақстанның ресми органдары инвестиция көлемін есептеген кезде оффшор арқылы елге келген қаржыны ескермейді. Осыған байланысты Ресей елшілігі мен сауда өкілдігі өздігінен қосымша зерттеу жүргізген.

«Ресми деректер бойынша, Қазақстан экономикасына Ресей тарапынан салынған жалпы инвестиция көлемі шамамен 27 млрд долларды құрайды. Бұл – жылдар бойы жиналған инвестиция көлемі. Алайда бұл сандар оффшор арқылы Ресейден Қазақстанға келген қаржыны қамтымайды. Ал бизнес өкілдері инвестиция салудың осы жолын жиі қолданады. Сондықтан біз өз тарапымыздан бейресми түрде деректер жинап, нәтижесінде шынайы инвестиция көлемі ресми көрсеткіштен екі есе артық, 56 млрд долларға жетті деген қорытындыға келдік», – деді Алексей Бородавкин ТАСС агенттігіне берген сұхбатында.

Еске сала кетейік, былтыр Ресей Қазақстанға инвестиция салу көлемі бойынша шетелдік мемлекеттер арасында бірінші орынға шыққан. 2023 жылы ғана бұл көрсеткіш 4 млрд доллардан асқан.

Ресейлік инвесторлар Қазақстанда тек тау-кен және энергетика салаларымен шектелмейді. Олар металлургия, машина жасау, ғарыш, электр энергиясын өндіру, көлік-логистика, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, тыңайтқыш өндіру, IT-технологиялар, жаңартылатын энергия көздері және қызмет көрсету салаларына да белсенді түрде қаржы құйып отыр.

«Қазақстанда ресейлік инвестиция мен технологиялар қатыспаған экономиканың бірде-бір саласы қалмаған шығар», – деп атап өтті елші.

Бұған дейін сарапшылар Қазақстан аумағында жұмыс істейтін ресейлік кәсіпкерлердің құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат берген болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар