Дүниежүзілік банк Орта дәлізді дамытуға 25 млрд доллар қажет екенін айтты

Дүниежүзілік банк Орта дәлізді дамытуға 25 млрд доллар қажет екенін айтты
pixabay.com

Дүниежүзілік банк Еуропа мен Орталық Азиядағы көлік инфрақұрылымын дамытуға қажетті инвестициялар туралы жаңа баяндама жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Құжатта Қазақстан кіретін Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту өңір экономикасына айтарлықтай серпін беруі мүмкін екені айтылған.

Баяндамаға сәйкес, теміржол инфрақұрылымына, порттар мен логистикаға стратегиялық инвестиция салу арқылы Орта дәліздегі жүк тасымалы көлемін үш еседен астам арттыруға болады. Сонымен қатар жеткізу уақытын екі есеге қысқарту мүмкіндігі қарастырылған.

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, тиісті шаралар жүзеге асқан жағдайда 2040 жылға қарай дәліз бойындағы елдердің жалпы ішкі өнімі 3,3%-ға артып, қосымша 2 млн жұмыс орны құрылуы мүмкін.

«Транскаспий көлік дәлізі экономикалық өсудің, экономиканы әртараптандырудың, кедейлікті азайтудың және дәліз бойындағы елдерге жеке инвестиция тартудың қуатты қозғаушы күшіне айнала алады. Ол жүктер мен жолаушыларды тасымалдауды ғана қамтамасыз ететін көлік дәлізінен іскерлік белсенділікті, жұмыс орындарын құруды және жергілікті өнеркәсіптің өсуін ынталандыратын өңірлік платформаға айналу әлеуетіне ие», – деді Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша вице-президенті Антонелла Бассани.

Оның айтуынша, бұл үшін физикалық инфрақұрылыммен қатар көлік қызметтеріне инвестиция салу, сауда рәсімдерін жеңілдету, тасымалдау операцияларын жетілдіру және шекарааралық ынтымақтастықты күшейту қажет.

Орта дәліз Шығыс Азияны Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ, Түркия және Еуропамен байланыстырады. Бағытты дамыту тоғыз елге – Әзербайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстанға қатысты.

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, бұл елдерде шамамен 200 млн адам тұрады. Дәліздің өткізу қабілетін арттыру нарықтарға қолжетімділікті жақсартып, жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыруы мүмкін.

Баяндамада жаһандық жеткізу тізбектеріндегі үзілістер мен климаттық өзгерістерге байланысты тәуекелдер жағдайында жылдам әрі сенімді сауда бағыттарының маңызы артып отырғаны атап өтілген.

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2040 жылға дейін Орта дәліздің физикалық инфрақұрылымын дамытуға 25 млрд доллардан астам инвестиция қажет. Қаражаттың негізгі бөлігі теміржол желілеріне, теңіз порттарына және автомобиль жолдарына апаратын кірме жолдарға бағытталуы тиіс.