2026 жылғы 28 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында 5 орман өрті тіркелді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өңірлер бойынша Жетісу облысында бір, Қостанай облысында екі өрт анықталған. Сонымен қатар «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде бір және «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде бір өрт тіркелді.
Өрт ошақтары мемлекеттік орман күзетінің жерүсті патрульдеуі және ерте анықтау жүйелері арқылы дер кезінде анықталған.
Өрт тіркелген сәттен бастап орман күзетінің қызметкерлері, қажетті күштер мен арнайы техника жедел жұмылдырылған. «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның су төгетін құрылғымен жабдықталған тікұшағы да өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстарына қатысты.
Өрттің әрі қарай таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті шаралар қабылданып, жағдай тұрақты бақылауда ұсталып отыр.
Құзырлы органдар өрт қауіпті кезеңде азаматтарды табиғат аясында демалу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.