Әскердегі өлім-жітімді тоқтатудың жолы қандай? Сарапшылар бірнеше реформа ұсынды

Әскердегі өлім-жітімді тоқтатудың жолы қандай? Сарапшылар бірнеше реформа ұсынды
Фото: dknews.kz, Facebook парақшасынан, жеке архивынан

Қазақстан әскеріндегі өлім-жітім жылдар бойы шешілмей келе жатқан жүйелі мәселеге айналды. Бас әскери прокуратураның мәліметінше, 2020-2022 жылдары еліміздің әскери құрылымдарында 259 адам көз жұмған. Осыдан 11 жыл бұрын төрт сарбаздың өмірін қиған Каспийдегі жаттығудан да тиісті сабақ алынбағаны биылғы қасіреттен анық көрінді. Күні кеше сол теңізде тағы 14 сарбаз қыршын кетті. Президент бұл жолы қайғылы жағдайға офицерлер мен генералдардың салғырттығы әрі кәсіби біліксіздігі себеп болғанын мәлімдеді. Осы тұста, Dalanews.kz редакциясы әскерде шешімін таппаған мәселелер мен сарапшылар ұсынып отырған реформаларды саралап көрді.

Бұған дейін әскердегі әрбір қазаға салғырт қараудың соңы үлкен трагедияға әкелетінін шенеуніктер ұғынғысы келмеді. Осыдан он ай бұрын журналистер сол кездегі Қорғаныс министрі Дәурен Қосановтан әскердегі өлім-жітім мен әлімжеттік туралы сұрағанда, ол күліп: "Қойыңызшы? Сарбаздар ма? Рас айтасыз ба?", - деп тақырыпқа барынша жеңіл қарағанын білеміз. Бұдан бөлек,  тілшілерден айғақ талап етіп, мәселенің барын жоққа шығарғысы келді.

Алайда Қосанов күмәнмен қараған жағдайдың жай-күйі сол кезде-ақ ресми деректерден белгілі еді. Оның ең ауыр дәлелі Каспийдегі жаттығу кезінде қыршын кеткен 14 әскери қызметшінің қазасы болды.

Әскери құрылымда неше адам ажал құшты? 

Қазақстандағы әскери және күштік құрылымдардағы өлім-жітімге қатысты кейінгі жылдардағы толық деректі Бас әскери прокуратура жариялаған. Ресми мәліметке сәйкес, 2020 жылы 78, 2021 жылы 96, ал 2022 жылы 85 адам қайтыс болған. 2023 жылдың алғашқы айларында бұл тізімге тағы 11 адам қосылып, жалпы көрсеткіш 270-ке жеткен. Үш жылдың дерегін есептегенде, жыл сайын орта есеппен 86 адам көз жұмған. Өлім жағдайларының 36 пайызы сырқаттануға, 24 пайызы жол-көлік оқиғаларына, 20 пайызы суицидке байланысты болған.

2025 және 2026 жылдарға қатысты толық ресми статистика әлі жарияланған жоқ. Дегенмен ашық дереккөздерде 2025 жылы кемінде 10 әскери қызметшінің қаза тапқаны туралы ақпарат бар. Олардың қатарында Сарыөзектегі оқу-жаттығуда оққа ұшқан сарбаз, парашюті ашылмай қаза болған курсант және Сорбұлақ маңындағы тікұшақ апатынан мерт болған үш экипаж мүшесі бар. Ал 2026 жылдың 28 қыркүйегіне дейін ашық жарияланған оқиғалардан кемінде 20 әскери қызметшінің қаза тапқаны белгілі. 

Тәуелсіздік жылдарынан бері қорғаныс саласында 14  министр ауысқан

Қазақстанның Қорғаныс министрлігі 1992 жылғы 7 мамырда құрылды. Осы уақыттан бері министр лауазымында 14 адам қызмет атқарған. Мұхтар Алтынбаев бұл қызметті екі рет атқарғандықтан, барлығы 15 министрлік кезең болған. Демек, алғашқы министрді есептемегенде, ведомство басшысы 14 рет ауысқан.

Дәурен Қосанов бұл қызметте шамамен бір жыл үш ай ғана отырды. Жалпы хронология бойынша ең қысқа мерзім жұмыс істегендердің қатарында 2014 жылы шамамен алты ай министр болған Серік Ахметов пен бес айға жетпей қызметтен кеткен Мұрат Бектанов бар. 

Кейбір министрлердің жылы орнынан кетуіне ірі апаттар мен әскердегі төтенше жағдайлар себеп болғаны белгілі. Нұрлан Ермекбаев 2021 жылы Жамбыл облысындағы әскери қойма жарылғаннан кейін қызметінен босатылды. Оның орнына келген Мұрат Бектанов 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін     отставкаға жіберілді. Руслан Жақсылықовтың орнына 2025 жылы Дәурен Қосанов келді. Ол Каспийдегі трагедиядан үш күн өткен соң қызметінен шеттетіліп, оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.

Қара жамылған 14 отбасы

33 жыл Қарулы күштер қатарында қызмет еткен әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов “Алаш Орда” YouTube арнасына берген сұхбатында Маңғыстауда болған қайғылы жағдайды табиғаттың тосын мінезімен байланыстыруға болмайтынын жеткізді.

“Бұған себеп болып отырған ауа райы емес, басшылардың кәсіби даярлығы. Мұндай жаттығуға кіріспес бұрын жауынгерлік жарғы бойынша бірнеше фактор саралануға тиіс. Судың беті тыныш болғанымен, астында ағыс болуы мүмкін. Ауа райын, күн мен түнді, болуы ықтимал қиындықтардың бәрін алдын ала есептеу керек”, – деді ол.

Сарапшының сөзінше, жаттығу алдында жеке құрам жағалауда бірнеше рет дайындықтан өтіп, төтенше жағдай туғанда әр адамның не істейтініне дейін пысықталуы қажет еді. Сонымен бірге оқиға орнына жақын маңда дереу көмекке кірісетін құтқару тобы дайын тұруы тиіс болған.

“Егер жау келгенде ауа райы жақсы болмаса, біз Отанымызды қорғамаймыз ба? Әскер кез келген жағдайға даяр болуы керек. Басшылардың кәсіби деңгейі жоғары болып, жоғары тұрған қолбасшылық олардан соны талап етуі тиіс”– дейді Ермек Сейітбатталов.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та трагедияға офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы мен кәсіби біліксіздігі себеп болғанын мәлімдеген еді.

Каспийдегі қасірет алғашқысы емес

2015 жылғы 18 қыркүйекте “Орталық – 2015” оқу-жаттығуы кезінде теңізге алты БТР-80 және 52 әскери қызметші шыққан. Жағадан шамамен 150 метр алыста қатты жел көтеріліп, тулаған толқын төрт бронетранспортерді суға батырды.

Оқиға салдарынан 19 жастағы Бауыржан Жолдабай, 19 жастағы Асылжан Махамбетов, 23 жастағы Замир Әділов және 19 жастағы Бағытжан Қалыбай қаза тапты.

Кейін бірнеше әскери қызметші жауапқа тартылды. “Батыс” өңірлік қолбасшылығының бұрынғы қолбасшысы Мұрат Нұғманов, теңіз жаяу әскері бригадасының бұрынғы командирі Ербұлат Толықбаев және әскери бөлім командирінің орынбасары Рашид Жылқайдаров 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бөлімше командирі Абай Баймұратов 1,5 жылға сотталды. Тағы екі адамға шартты жаза тағайындалды.

Арада он бір жыл өткенде Каспийдегі қасірет тағы қайталанды. Ермек Сейітбатталовтың пікірінше, бұған 2015 жылғы апаттан тиісті сабақ алынбауы себеп.

“Өзгерістер болған шығар, бірақ одан сабақ алуымыз керек еді. Жоғарыда тексеріп, даярлықты ұйымдастырған адамдар жауапкершіліктен құтылып, басқа қызметке ауысып кетті. Жауапкершілік болмаса, мұндай оқиғалар қайталана береді”, – деді сарапшы.

Президент те әскери басшылықтың бұрынғы қасіреттерден қорытынды шығармағанын ашық сынға алды. Ол оқу-жаттығуды кім әзірлеп, кімнің бекіткенін, Бас штабтың бұл үдерістегі жауапкершілігін және Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының неліктен оқиға орнында болмағанын анықтауды тапсырды.

Қаралы хабарды қақпа сыртынан естірту

Әлеуметтік желіде Каспийдегі оқиғадан қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстарына қаралы хабардың бөлім қақпасының алдында жеткізілгені түсірілген видео тарады. Кадрдан жақындарын ішке кіргізбей, болған жағдайды темір қоршаудың ар жағынан хабарлағанын көруге болады. Әскери бөлім басшылығының мұндай әрекеті қоғамның наразылығын туғызды.

Ермек Сейітбатталов бұл әрекетті әскери тәртіппен ақтауға болмайтынын айтады.

“Жұрттың ашуы орынды. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, бұл – көргенсіздік. Қайғыдан қан жұтқан адамдарды ішке кіргізіп, отырғызып, адам сияқты көңіл айту керек еді. Керек болса, басшылар солардың алдында тізерлеп тұрып кешірім сұрауға тиіс еді”, – дейді ол.

Сондықтан қаралы хабарды қалай жеткізгенінен-ақ әскери басшылықтың адам өмірі мен оның қайғысына қаншалықты бей-жай қарайтынын байқауға болады.

Бұйрықты сөзсіз орындау қауіпсіздіктен жоғары тұрмауы керек

Қоғам белсендісі Қуаныш Еділхантегі әскердегі қазіргі басқару тәртібі өзгермей, әскери реформадан нәтиже шықпайтынын атап өтті. Оның пікірінше, әскердегі шектен тыс орталықтанған тәртіп төменгі буындағы командирлердің нақты жағдайды бағалап, дербес шешім қабылдауына кедергі келтіреді.

Ол Ресей мен Украина әскерлерінің басқару тәсілін салыстырып, бұйрықты сөзсіз орындауға негізделген жүйе қазіргі соғыс жағдайында көп шығынға ұшыратуы мүмкін екенін алға тартты.

“Орыс армиясында Орталықтан басқару жүйесі қатты қалыптасқан. Командирдің айтқаны заң - қандай жағдай болса да ол сөзсіз орындалуы тиіс. Тіпті қисынсыз болса да. Мұндай жағдайда жердегі нақты жағдай ескеріле бермейді де әскерилер ештеңемен санаспастан бұйрықты орындауға мәжбүр болады. Әйтпесе жазаланады”, – деп жазды ол.

Жазба авторының пайымынша, Украина армиясында бөлім командирлеріне белгілі бір деңгейде еркіндік берілген. Ол мұндай тәсіл жедел әрекет етуге көмектесетінін жеткізді. 

Сондай-ақ Еділхантегі Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына қатысты тергеуге де тоқталды.

“Әскери қызметшілердің қазасына байланысты бес адам ұсталды. Олардың арасында кінәсіз жандар да болуы мүмкін, оны сот анықтайды. Бірақ меніңше, жергілікті командирлер жоғарыдан түскен бұйрықты нақты жағдайға қарай орындау немесе тоқтату жөнінде өздері шешім қабылдай алуы керек еді. “Бұйрық қалай да орындалуға тиіс” деген түсінікке қатып қалу дұрыс емес”, – деді қоғам белсендісі.

Жазба астындағы пікірлерде де Қазақстан әскеріндегі басқару тәртібіне қатысты сын айтылып жатыр. Советхан Қанағатов әскерде кеңестік және ресейлік басқару үлгісінің ықпалы сақталған болуы мүмкін екенін жазды.

“Бізде орыс армиясының тәжірибесі алынған болу керек. Командир бұйрық берді, ол сөзсіз өл-тіріл орындауға міндетті. Кезінде Жуков сол тактиканы қолданып миллиондарды айдап салып қырып тастады…”, – деп пікір білдірді ол.

Реформаны кадрдан бастау керек

Ермек Сейітбатталов Қазақстанда әскери реформа атауы болғанымен, оның мазмұны жүйелі қалыптаспағанын айтады. Сарапшының сөзінше, министр ауыстыру, форма жаңарту немесе жаңа жоспар қабылдау әскердің өзегін өзгерте алмайды.

“Реформаны кадрдан бастау керек. Реформа жүргіздік, ананы жасаймыз, мынаны жасаймыз дейміз. Бірақ шын мәнінде реформа жоқ. Қазақстан армиясы әлі өз деңгейіне келген жоқ. Біздің жедел-стратегиялық құрылымымыз қазіргі Қазақстанның мүддесіне сәйкес келмейді. Ол Кеңес Одағынан қалған орналасу жүйесіне сүйенеді”, – дейді ол “Алаш Орда” YouTube арнасына берген сұхбатында. 

Оның пікірінше, министрдің әскери білімі болғаны жеткіліксіз. Ол ірі құрамаларды басқаруды, күрделі жаттығуларды жоспарлауды және мемлекеттің қауіпсіздік мүддесін стратегиялық деңгейде бағалай алу керек екенін алға тартты.

Президент те әскери лауазымдарға басшының “өз адамдары” емес, тәжірибелі әрі білікті кадрлар тағайындалуы керегін және Қазақстан армиясының “өткен ғасырда қалып қойғанын” мәлімдеп, қолбасшылық жүйесін халықаралық тәжірибеге сай өзгертуді тапсырған еді. 

Сарбаз офицердің меншігі емес

Саясаттанушы Асқар Нұрша әскери реформаны тек ведомство ішінде дайындау жеткіліксіз деп санайды. Оның пікірінше, өзгерісті әскери басшылық қана емес, Қазақстан қоғамы да мойындауы қажет.

“Кейінгі оқиғалар елімізге тек әскерилер емес, Қазақстан қоғамы да мойындайтын толыққанды әрі шынайы әскери реформа қажет екенін көрсетті”, – деді ол.

Саясаттанушы ең алдымен XXI ғасыр талаптарына сай келмейтін ескі тәртіп мен рәсімдерді алып тастауды ұсынды.

“Ең алдымен ескірген, мағынасын жоғалтқан талаптарды анықтап, алып тастау керек. Қарулы күштердің жалпыәскери жарғылары қайта қаралып, қажетті өзгерістер енгізілуі тиіс. Оларды мемлекеттік заң сараптамасынан өткізген жөн”, – деп жазды саясаттанушы.

Оның сөзінше, әскери жарғы тек ішкі тәртіпті белгілейтін ведомстволық құжат емес. Ол сарбаздың күнделікті өміріне, демалысына және қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан реформа кезінде мерзімді қызметтегі жастардың құқығына басымдық берілуі керек.

“Бейбіт уақыттағы әскери қызметтің ережелерін қайта қарау қажет. Әсіресе мерзімді қызметтегі сарбаздарға заңда көрсетілген демалыс толық беріліп, олар озбырлықтан қорғалуы керек. Мерзімді әскери қызметке сыртқы мемлекеттік және азаматтық бақылау енгізу қажет”, - деді Асқар Нұрша.

Саясаттанушы қазіргі соғыстар әскерге қойылатын талапты түбегейлі өзгерткенін де атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстан әскері жаңа қару түрлері мен заманауи әскери технологиялар қолданылатын жағдайда елді қорғауға дайын болуы тиіс.

“Ең бастысы, сарбаз офицерлерге де, Қарулы күштерге де тиесілі емес. Ол мемлекет пен қоғамға тиесілі”, – деді саясаттанушы.

Асқар Нұрша нақты қандай талаптардың ескіргенін бір адамның немесе бір ведомствоның шешпеуі керегін айтты. Оның пікірінше, бұл мәселе әскери мамандардың, заңгерлердің және қоғам өкілдерінің қатысуымен ашық талқылануы тиіс.

“Жалпы әскери жарғыларды қайта қарап, қажетті өзгерістер енгізу керек. Оның көп бөлігі ескірген. Бұл құжаттар мемлекеттік заң сараптамасына берілуге тиіс”, – дейді ол.

Реформа неден басталуы тиіс?

Президент Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты мен Қорғаныс министрлігіне он күн ішінде әскерді реформалау жоспарын әзірлеуді тапсырды. Ол қазан айының екінші жартысында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады.

Алайда жоспар кезекті көлемді құжатқа айналса, Каспийдегі қасіреттен кейінгі қоғамдық талап тағы да қағаз жүзінде қалуы мүмкін. Сарапшылардың пікірін жинақтасақ, реформа бірнеше нақты бағытты қамтуы тиіс.

Біріншіден, қауіпті жағдайда оқу-жаттығуды тоқтатудың нақты тәртібі қажет. Ауа райы, техника немесе жеке құрамның дайындығы қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмесе, жергілікті командир операцияны тоқтатуға құқылы болуы керек.

Екіншіден, оқу-жаттығудың қауіпсіздігін оны жоспарлаған адамдардың өзі емес, тәуелсіз әскери бақылау тобы тексеруге тиіс.

Үшіншіден, құтқару кеудешесі, байланыс құралы, медициналық көмек және жедел резерв секілді қауіпсіздік жабдықтарының бар-жоғы қағаздағы есеппен емес, нақты тексерілуі қажет.

Төртіншіден, әскердегі өлім, жарақат, суицид және жарғыдан тыс қарым-қатынас туралы статистика тұрақты түрде ашық жариялануы керек. Қазір әр ведомство деректі бөлек есептейді, ал қоғамда әскери құрылымдардағы өлімнің толық көрінісі жоқ.

Бесіншіден, мерзімді сарбаздар мен олардың ата-аналарына тәуелсіз шағым беру мүмкіндігі қажет. Шағым әскери бөлімнің өзіне қайтарылмай, прокуратура, омбудсмен және азаматтық қоғам өкілдерінің бақылауында қаралуы тиіс.

11 жылда алынбаған сабақ

Каспийдегі трагедиядан кейін бес лауазымды тұлға ұсталды. Қорғаныс министрі қызметінен кетіп, арнайы комиссия құрылды. Президент әскерді түбегейлі өзгертуді тапсырды.

2015 жылы дәл осы теңізде төрт сарбаз қаза тапқаннан кейін қылмыстық іс қозғалып, бірнеше командир сотталған еді. Алайда арада он бір жыл өткенде сол жерде тағы 14 әскери қызметшінің мерт болуы бұрынғы апаттан тиісті қорытынды жасалмағанын көрсетті.

Сондықтан қазір қоғамды 14 адамның қазасынан кейін әскерде нақты өзгеріс бола ма деген сауал толғандырады. Егер бұл жолы да бар жауапкершілік бірнеше адамның қызметтен кетуімен шектелсе, басшылар ауысқанымен, әскерде қалыптасқан тәртіп сол күйінде өзгеріссіз қалуы әбден мүмкін.