12 адам қаза тапқан жол апаты: зардап шеккендер әуе көлігімен Астанаға жеткізіледі

Асель Қайратқызы 24 қаз. 2025 10:12

Премьер- министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтөбе облысындағы Белқопа ауылына жақын маңда болған жол- көлік оқиғасының себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия мүшелеріне тапсырмалар берді деп хабарлайды Dalanews.kz.ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Бозымбаев Денсаулық сақтау министрлігіне тасымалдауға жататын барлық зардап шеккендерді қажетті ем алуы үшін санитарлық авиациямен Астана қаласына жеткізуді ұйымдастыруды тапсырды.

Еңбек министрлігі мен Ақтөбе облысының әкіміне қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті материалдық және психологиялық көмек көрсетуді тапсырды.

Ішкі істер министрлігі мен Көлік министрлігіне вице-премьер Самара – Шымкент трассасының қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында оның жұмыс тәртібіне қатысты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Еске салайық, сұмдық жол апаты 23 қазан күні таңертең Самара – Шымкент автожолында болған. Жол-көлік оқиғасы кезінде DAF жүк көлігі мен жолаушылар мінген «ГАЗель» соқтығысқан. Алдын ала мәліметтер бойынша, жүк көлігі қарсы бағытқа шығып кеткен. Оқиға орнында екі жүргізуші мен он жолаушы қаза тапқан. Қайтыс болғандардың арасында – ата-анасымен бірге екі бала бар.

Алты адам Ақтөбе облысының Хромтау аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Екеуінің жағдайы ауыр, төртеуінің жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен қайғылы жағдайдың себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Қайғылы жол апатына қатысты тергеуді Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жеке бақылауына алды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар