Freedom Inside '26

Назарбаевтың "екінші отбасы" туралы айтқан Әсел Исабаеваның жаңа суреттері жарияланды

Назарбаевтың "екінші отбасы" туралы айтқан Әсел Исабаеваның жаңа суреттері жарияланды
Ulysmedia.kz коллажы

Әлеуметтік желіде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің мемуарында "екінші отбасым" деп атаған Әсел Исабаеваның жаңа фотосуреттері тарады. Қазір ол 46 жаста, деп dalanews.kz тілшісі dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Суреттерді Instagram парақшасында белгілі фотограф Мирас Баянов жариялаған. Ол сән саласында жұмыс істеп, түрлі брендтермен бірлескен жобаларға қатысып жүр.

Фотограф Әсел Исабаевамен түсірілген кадрларға ерекше сипаттама беріп, өнерге жақын адамдармен жұмыс істеу өзі үшін маңызды екенін жазған.

"Мен үшін әрдайым өнерге жақын болу маңызды. Әсіресе, соның бір бөлшегіне айналған адамдармен бірге болу. Ғажайып Әсел Исабаева – менің көзқарасыммен", – деп жазды ол.

Әсел Исабаева көпшілікке "Астана балет" театрының арт-менеджері ретінде таныс. Бұған дейін оның есімі халықаралық зерттеулерде де аталып, офшорлық компаниялар арқылы ірі көлемде қаржы алғаны туралы ақпарат тараған.

Айта кетейік, Әсел Исабаева 1999 жылы "Мисс Қазақстан" байқауында жеңімпаз атанған. Ал Нұрсұлтан Назарбаев екінші отбасы бар екенін 2023 жылы жарық көрген "Менің өмірім" атты мемуарында ашық жазды.

Кітапта Назарбаев Әсел Исабаевамен сұлулық байқауынан кейін танысқанын, кейін жақын араласа бастағанын айтқан. Оның сөзінше, олар мұсылман дәстүрімен некеге отырған.

Бұл некеден Тауман және Байкен есімді екі ұл дүниеге келгені де мемуарда жазылған. Бұған дейін бұл мәліметтер бейресми айтылып келсе, кітап арқылы алғаш рет ашық түрде айтылды.