Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2025 жылдың қорытындысы бойынша 6,5%-ға өсті, деп хабарлайды Dala News.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, өсімге өнеркәсіп, көлік, құрылыс және сауда салалары негізгі үлес қосты.
Ведомство дерегіне сәйкес, өнеркәсіп өндірісінің индексі 7,4%-ды құрады. Өңдеу өнеркәсібінде 6,4%-дық тұрақты өсім тіркелді. Азық-түлік өндірісі 8,1%-ға, мұнай өңдеу өнімдері 5,9%-ға, химия өнеркәсібі 9,8%-ға, машина жасау саласы 12,9%-ға артты.
Көлік және қоймалау саласында өсім 20,4%-ға жетті. Бұл жүк және жолаушы тасымалы көлемінің артуымен байланысты. Сондай-ақ экспедициялық қызметтер, әуежайлар мен қоймалар қызметі, астық пен салқындатылған жүктерді сақтау қызметтері көлемі ұлғайған.
Құрылыс саласында өсім 15,9%-ды құрады. Оған жайлы мектептер, медициналық нысандар, көлік және инженерлік инфрақұрылым жобаларының іске асырылуы әсер еткен. Бір жылда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 20,1 млн шаршы метрге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 5,1%-ға артқан.
Сауда саласы 8,9%-ға өсті. Көтерме сауда көлемінің ұлғаюына астық, жемшөп, машина мен жабдықтар, дәрі-дәрмек, автокөлік, сүт өнімдері, қант және кондитерлік өнімдер саудасының артуы ықпал еткен.
Ауыл, орман және балық шаруашылығындағы өсім 5,9%-ды құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 7,8%-ға, мал шаруашылығы 3,3%-ға өскен.
Ақпарат және байланыс саласында 3,6%-дық өсім тіркелді.
Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес экономиканы әртараптандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.