Алматыда тұрғындар сезбеген жер сілкінісінен кейін жер сілкінісі туралы дабыл жүйесі қайта іске қосылды. Төтенше жағдайлар министрлігінің вице-министрі Кеген Тұрсынбаевтың айтуынша, алдын ала себеп – автоматты хабарлау жүйесіндегі техникалық ақау болуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Біздің станциялардағы жүйелердің өзінде ақау орын алған сияқты. Негізі шамамен 2–3 балдық әлсіз дүмпу болды. Ал жүйе 5 балдан жоғары жағдайда хабарландыруға бапталған. Ішкі жүйеде қандай да бір ақау болып, сол себепті сигнал берілген болуы мүмкін. Қазір мердігер ұйымның мамандары тексеру жүргізіп жатыр", - деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, бұған дейін де осындай жағдай тіркелген, және сол кезде де себеп техникалық ақау болғаны анықталған.
"Бұл жүйенің жұмысын реттейміз деп ойлаймын. Алматы қаласы ТЖД басшысы тұрғындарға үндеу жасап, алаңдауға негіз жоқ екенін айтты. Қазір комиссия бұл жабдықты орнатқан жеткізушілермен бірге тексеріс жүргізіп жатыр", - деп түйіндеді Кеген Тұрсынбаев.
Еске салайық, бүгін Алматыда жер сілкінісі болды. Сонымен қатар, қала тұрғындарының ұялы телефонына жер сілкінісі туралы алдын ала хабарлама келген болатын.
