Назарбаевтың немересінің екінші азаматтығы мен Мәскеудегі пәтері әшкере болды

Көркем Алдабергенова 24 қаз. 2025 10:52

Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі, Тимур мен Динара Құлыбаевтардың ұлы Алтай Асқар Кипр азаматтығын алған болып шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бір миллиард теңгеге алынған азаматтық

"Выход к морю" телеграм арнасының мәліметінше, жергілікті басылымдар Алтай Асқар 2019 жылы, яғни Кипрдің инвестициялық азаматтық беру бағдарламасы жабылардан бірнеше ай бұрын өтініш беріп, оң жауап алғанын хабарлаған.  Бағдарлама аясында азаматтық алу құны 2,5 миллион еуро, яғни сол кездегі бағаммен шамамен 1,07 миллиард теңге болған.

Кипрдің мемлекеттік газетінде Кұлыбаевтың өтініш бергені туралы ақпарат жарияланған. Нәтижелер ресми түрде көрсетілмесе де, сол кезеңде Кипр билігі ауқатты адамдардың барлық өтінішін қанағаттандырып отырған.

Кейін Кипр төлқұжатын тіпті өз елдерінде қылмыстық іздеуде жүрген шетелдіктер де алғаны белгілі болды. Бұл жағдай Еуроодақ билігінің наразылығын тудырып, 2020 жылы Al Jazeera арнасы жариялаған тергеуден кейін Кипр «алтын паспорттар» бағдарламасын тоқтатты.

Бағдарламаны жалпы 7 мыңға жуық адам – инвесторлар мен олардың туыстары пайдаланып үлгерген.

«Алтын паспорттардан» айырылғандар тізімінде кімдер бар?

Қазір Кипр билігі керісінше, азаматтық алған адамдарды тексеріп, күмәнді жағдайларда олардың паспорттарын қайтарып алып жатыр. Бұл тізімде 150-ге жуық адам бар.

Олардың қатарында бұрынғы Kazakhstan Kagazy компаниясының бас директоры Мақсат Әріп те бар. Ол 2024 жылдың наурызында Қазақстан ІІМ Интерпол ұлттық бюросының сұрауымен БАӘ-де ұсталған.

Сондай-ақ азаматтығынан айырылғандар арасында Ресей мен Украинадағы белгілі кәсіпкерлер бар:
Олег Дерипаска, Алексей Кузьмичев, Михаил Гуцериев, Вадим Мошкович, Гүлбахор Исмаилова, Игорь Коломойский.

Швейцариядағы резиденция және тергеу

Алтай Асқардың Кипр мен Қазақстан азаматтығынан бөлек Швейцария резиденттік картасы да бар.
Ол Швейцарияны негізгі тұрғылықты жері ретінде көрсетіп, әкесінің серіктесі Бахаридин Аблазимовпен бірге америкалық ORBI стартапына инвестиция жасаған.

Құлыбаевтар Швейцарияда әйгілі Bellerive сарайының иелері саналады. 2025 жылдың ақпанында Женева прокуратурасы осы жылжымайтын мүлікті сатып алуға байланысты қаржының заңдылығын тексеру ісін бастаған.

Бұған дейін Во кантонының соты Құлыбаевтарға Fleur du Lac қонақүйін қайта құруға берілген рұқсатты күшін жойып, ғимаратты бұзуға немесе қайта салуға тыйым салған болатын.

Мәскеу мен Дубайдағы жылжымайтын мүлік

Ресей астанасында Алтай Асқардың атына «Москва-Сити» кешеніндегі «Меркурий» мұнарасынан пәтер тіркелген.

Пәтердің ауданы - 114,5 м², ол 47-қабатта орналасқан және терезесінен Мәскеу өзені мен «Қызыл Пресня» саябағына көрініс ашылады. Мұндай жылжымайтын мүлік қазір шамамен 60 миллион рубльге, яғни 400 миллион теңгеге бағаланады.

Ал Дубайда Алтайдың атына әлдеқайда қымбат апартаменттер тіркелген. Олар Palm Jumeirah аралындағы Marina Residences тұрғын кешенінде орналасқан.

Пәтердің ауданы 633 м², ал құны шамамен 2 миллиард теңге деп бағаланады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар