Жаңаөзенде полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерде мектеп оқушыларының қатысуымен болған қатыгез төбелестің видеосы тарағаннан кейін әкімшілік тергеу жүргізіп жатыр деп хабарлайды Dalanews.kz.
Маңғыстау облысының білім басқармасы хабарлағандай, оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылды.
«Оқиға сабақ уақытынан тыс уақытта болған. Қазіргі таңда Жаңаөзен қалалық полиция басқармасы әкімшілік іс қозғады», — делінген хабарламада.
Басқарма мәліметінше, кәмелетке толмағандардың ата-аналары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бұдан бөлек, бұл мәселе Жаңаөзен қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралады.
«Осыған байланысты жауапты тұлғаларға тәртіптік шаралар қолданылатын болады. Жағдай Маңғыстау облысының білім басқармасының ерекше бақылауында тұр», — деп хабарлады ведомство.
