Кейінгі жылдары қазақстандықтардың қайырымдылық қорларына деген сенімі азайды. Бұған атышулы “Biz Birgemiz” қайырымдылық қорының негізін қалаушы Перизат Қайрат пен “Елге көмек” қорының басшысы Ілияс Сәриевке қатысты істер түрткі болды. Тергеу нәтижесінде олардың халықтан жиналған қомақты қаражатты жеке мақсаттарына пайдаланғаны анықталған еді. Аталған оқиғалардан кейін қоғамда қайырымдылық қорларына деген күмән күшейіп, олардың қызметіне бақылау артты.
Осыған байланысты Dalanews.kz редакциясы қазіргі таңда белсенді жұмыс істеп келе жатқан “Харекет”, “Asar-Ume” және “Дәулеттен” қорларының қызметі мен қаражатты басқару жүйесіне назар аударды.
“Дәулеттен” қоры
“Дәулеттен” қорының басшысы Жасұлан Қуандық соңғы жағдайлар қор жұмысына қалай әсер еткенін айтты.
“Әрине, халықтың сенімі кейбір қорлардың әрекетінен кейін төмендеді. Мысалы, қаржы жинау процесі қиындап кетті, түсім де азайды. Дегенмен қор өз жұмысын жалғастырып келеді. Жыл сайын ашық есеп береміз, ал үш жыл сайын тәуелсіз аудиттен өтеміз” — дейді қор басшысы.
Айтуынша, қордың қаржылай ашықтығы толық қамтамасыз етілген.
“Биыл қордың бес жылдығына орай есептік концерт өткіздік және қаржы есебін толық тапсырдық. Сонымен қатар барлық дерек “Дәулеттен” сайтының арнайы бөлімінде жарияланған. Онда кіріс пен шығыс, алынған үйлер мен шығындар туралы толық ақпарат бар”, - деп қосты ол.
Қор басшысы қаражатты жұмсау тәртібі де нақты заң шеңберінде жүргізілетінін атап өтті.
“Қазақстан заңнамасына сәйкес, қайырымдылық қорлары жиналған қаражаттың 30%-ына дейін әкімшілік шығындарға жұмсай алады. Бірақ бізде бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен. Штатта бар-жоғы бес қызметкер жұмыс істейді, олардың жалақысы мен өзге шығындар белгіленген шектен аз”, - дейді ол.
Ол қор қаржысы нақты мақсаттарға бағытталатынын жеткізді.
“Егер бір отбасыға үй алу үшін жинақ жасалса, барлық қаражат тек сол отбасыға жұмсалады. Күнделікті түсім басқа әлеуметтік жобаларға да бағытталады. Мәселен, студенттердің оқу ақысын төлейміз, шәкіртақы тағайындаймыз, арнайы мекемелер мен кабинеттерді жабдықтаймыз, материалдық және медициналық көмек көрсетеміз. Қордың басты қағидасы: әрбір отбасыға толыққанды қолдау көрсету”, - деп атап өтті ол.
Оның сөзінше, қор әлеуметтік желідегі бейнежазбаларда балалардың қауіпсіздігі мен құпиялығын сақтауға тырысады.
“Бейнелер көбінесе ата-аналардың келісімімен түсіріледі. Біз балалардың жеке кеңістігін қорғауға тырысамыз, тек қуанышты сәттерді көрсетуге мән береміз”, – деді ол.
Қор өкілінің сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда “Дәулеттен” қоры 81 отбасыны баспанамен қамтамасыз еткен, ал жалпы қайырымдылық көлемі 1,2 миллиард теңгеден асқан.
“Asar-Ume” қоры
“Asar-Ume” қорының президенті Асхат Нұрмашев Перизат Қайрат ісінің салдары қоғамдағы сенімге әсер еткенімен, қордың өз жұмысына нұқсан келмегенін жеткізді.
“Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихында ең көп талқыланған іс болды. Осы жағдайдан кейін қоғамның бір бөлігінде қайырымдылыққа деген сенім төмендеді. Әрине, бұл бізге де әсер етті, себебі біз де осы даулы істің қатысушыларының бірі, жапа шеккен тарап болдық. Кей адамдар біздің де сол іске қатысы бар шығар деп күмәнданды. Алайда тергеу бәрін өз орнына қойды, қиындықтар артта қалды. Осы уақыт бойы қордың жұмысы тоқтаған жоқ. Біз күн сайын өз ісімізді жалғастырып келеміз”, – деді қор өкілі.
Оның айтуынша, қор қызметінің ашықтығы заң жүзінде және аудиттік бақылау арқылы қамтамасыз етіледі.
“Барлық операция ресми банк арнасы арқылы өтеді. Тұрақты түрде ішкі есеп жүргізіледі, ал тәуелсіз аудит жыл сайын өткізіледі. Есеп пен нәтижелеріміз әлеуметтік желілер мен ресми арналарда ашық жарияланады”, — деп қосты ол.
Қор қаражатты басқаруда ашықтық қағидасын ұстанатынын алға тартты.
“Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әрбір қор жиналған қаражаттың белгілі бөлігін әкімшілік шығындарын жабуға пайдалана алады. Дегенмен біз одан да тиімді болуға тырысамыз. Серіктестерімізге, яғни жомарт азаматтарға, осы шығындарды жабуға көмектесуді сұраймыз. Біз жиналған қаражаттың көп бөлігін тікелей отбасыларға көмек көрсетуге бағытталғанын қалаймыз”, — деп қосты ол.
“Харекет” қоры
“Харекет” қайырымдылық қоры да ел ішіндегі дүрбелеңге қарамастан жұмысын жалғастырып келеді.
“Біздің “200 күнде – 200 баспана” жобамыз ойдағыдай жүзеге асып жатыр. Қазірдің өзінде 175 баспана табысталды”, – дейді қор өкілдері.
Айтуларынша, қорда 35 қызметкер жұмыс істейді. Қаржылай ашықтық жыл сайын аудит арқылы қамтамасыз етіледі.
“Қаражаттың 90%-ы тікелей мұқтаж жандарға бағытталады, ал 10%-ы әкімшілік шығындар мен қызметкерлердің еңбекақысын төлеуге жұмсалады”, – делінген қордың жауабында.
Әлеуметтік желілерде мұқтаж жандардың, соның ішінде балалардың бейнесін жариялауға қатысты қойылған сұраққа “Харекет” қоры нақты түсініктеме бермеді.
Перизат Қайрат ісі
Еске салайық, биыл 25 шілдеде Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта Перизат Қайрат пен анасына қатысты сот үкімі шықты.
Сот үкімімен Перизат Қайрат 10 жылға сотталды. Анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы және 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.
Прокурорлардың мәліметінше, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат пен оның анасы 3,5 млрд теңгені қолма-қол шешіп алған.
Кейін Перизат Қайрат пен анасының мүлкі аукционға қойылады.
ҚМА мәліметінше, ұрланған ақшаға сатып алынған мынадай мүліктер тәркіленген:
- Vela Village коттедж қалашығындағы жеке үй;
- Akbulak Riviera, Sensata Plaza, Highvill Ishim Gold, "Көк Жайлау" тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер, тұрақ орындары;
- 2024 жылғы Mercedes-Benz S450, 2024 жылғы Lexus LX 600, 2023 жылғы Mercedes-Benz EQE 500 4 matic, 2024 жылғы Haval H6 GT көліктері;
- Rebel Flowers (гүл бизнесі) ЖШС жарғылық капиталындағы 100 пайыз үлес;
- 97 миллион теңгеден аса қаржы және 22 мың доллар.
Ілияс Сәииев ісі
Араға ұзақ уақыт салмай "Елге көмек" қайырымдылық қорының жетекшісі Ілияс Сариев ұсталғаны мәлім болды. Заңгер Нұрсұлтан Орынбековтің сөзінше, жұрттан Сариевтің үстіне арыз түскен.
"Қазақ Робин Гуд Ілияс Сариев алаяқтық бабы бойынша ұсталды. Алматыдан осындай хабар келді. Бірнеше адамнан алаяқтық әрекеті бойынша арыз түскен еді. Қазір сол бойынша ұсталғаны белгілі болды. Алданғандар болса, Алматы ІІД-не арыздансаңыздар болады", - деді ол.
Артынша Dalanews.kz Алматы Полиция департаментіне сауал жолдап, ресми ақпарат та алды.
"Алмалы аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Жан-жақты және объективті тергеуге бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Олардың қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деп жазылған Алматы Полиция департаментінің бұған дейінгі жауабында.
Енді “Қазақ Робин Гуды” атанған алаяқ 26 іс бойынша жауап бермек.
