«Самұрық-Қазына» қоры KASE нарығында «Қазақтелеком» компаниясының жай акцияларының 10,43 пайызын сатып алып, өз үлесін 80,85 пайыздан 91,28 пайызға дейін арттырды. Қор бұл шешім компанияның инвестициялық тартымдылығы мен жаңартылған даму стратегиясын ескере отырып қабылданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Компания стратегиясы жасанды интеллект технологияларын және тиісті цифрлық инфрақұрылымды енгізу мен дамыту, сондай-ақ жаңа цифрлық қызметтерді нарыққа шығару арқылы бағаның тұрақты өсуіне бағытталған.
«Қазақтелеком» АҚ телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту кезеңінен өтуде: өнімділігі жоғары есептеу кластері қалыптастырылған, компания медиа қызметтер нарығында елеулі үлеске ие, мобильді сегментте белсенді жұмыс істейді және бизнестің ұзақ мерзімді өсуінің негізін құрайтын цифрлық сервистердің кең ауқымын ұсынады.
Мәміле компанияның өсу кезеңінде Қор үлесін шоғырландыруға және кейін акцияларды неғұрлым тартымды шарттармен нарыққа шығаруға бағытталған, бұл инвесторлар үшін акциялардың қосымша құндылығын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Аталған тәсіл Қордың ұзақ мерзімді жоспарларына сәйкес келеді және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 24 қазандағы № 894 қаулысында қарастырылған, оған сәйкес «Қазақтелеком» АҚ-ның SPO-сын 2029 жылға дейін өткізу көзделген.
