Әлеуметтік желілерде бірнеше ер адамның жас жігітті көлікке отырғызуға тырысқан видеосы тарады. Оқиға Тараз қаласында болған. Куәгерлердің айтуынша, жігітті емтиханнан тікелей алып кетіп, әскери комиссариатқа жеткізген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жамбыл облысының шақыру комиссиясы бұл жағдайға қатысты өз нұсқасын жариялады. Комиссия мәліметінше, 2006 жылы туған азамат рейд барысында әскерге шақырылушы ретінде анықталған. Кейін оған деректерін нақтылау үшін жинақтау пунктіне бару ұсынылған.
Алайда жас жігіт өз еркімен барудан бас тартқан. Осыған байланысты оны жинақтау пунктіне мәжбүрлі түрде жеткізу туралы шешім қабылданған.
Шақыру комиссиясының хабарлауынша, кейін жинақтау пунктінде оған әскери қызметтің тәртібі мен талаптары түсіндірілген. Осыдан соң ол мерзімді әскери қызмет өткеруге келісім берген. Бұл шешімді оның анасы да қолдаған. Анасы ұлы жеткізілген пунктке арнайы барған.
Қазіргі уақытта жас жігіт медициналық комиссиядан өтіп жатыр және Ұлттық ұлан қатарында қызмет етуге дайындалуда.
Сонымен қатар оны жеткізуге қатысқан қызметкерлердің әрекеттеріне әскери полиция тексеру жүргізіп жатқаны белгілі болды.