Қазақстандық шахматшы, әлем чемпионы **Бибісара Асаубаева**ның анасы Лиана Таңжарықова әлеуметтік желідегі парақшасында отбасыға бөлінетін қаржы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, жұрт арасында спортшының отбасына мемлекеттен қомақты қаржы бөлінеді деген қате түсінік қалыптасқан.
«Біз мемлекеттен ай сайын 320 мың теңге және әлем чемпионатындағы жеңіс үшін 2300 АҚШ доллары көлемінде сыйақы аламыз. Маңғыстау облыстық спорт басқармасынан ешқандай жалақы алмаймыз», – деп жазды ол.
Сондай-ақ Таңжарықова Sport Qory спортты қолдау қоры мен федерация бөлетін қаражаттың бюджет қаржысы емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл қаражат спортшы командасының жұмысына тікелей жұмсалады.
Ол федерация желісі арқылы төленетін барлық сыйақы мен жүлде қаражаты спортшының адал еңбегімен табылған жеке табысы екенін айтты.
«Біз де Қазақстанның өзге азаматтары сияқты салық төлейміз», – деді ол.
Лиана Таңжарықова мемлекеттік қаржыландыру, жеке демеушілік және бюджеттен тыс қаражат ұғымдарын шатастырмауға шақырды.
«Қорытындылай келе, мемлекеттік қаржыландыруды, жеке және бюджеттен тыс қаражатты ажырата білу маңызды. Қандай да бір қорытынды жасап, көпшілік алдында мәлімдеме жасамас бұрын деректерді тексерген жөн. Өзгенің еңбегін құрметтеу – өз сөзіңе жауапкершілікпен қараудан басталады», – деп жазды ол.