Қазақстанда алимент қоры құрылуы мүмкін

Қаракөз Амантай 29 сәу. 2026 14:29

Мәжілісте алимент төлемдерін қамтамасыз ету үшін арнайы мемлекеттік қор құру ұсынылды. Депутат Магеррам Магеррамовтың сөзінше, бұл заңсыз алынған активтерді қайтарудан түскен қаражат есебінен қалыптасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Пленарлық отырыста атқарушылық іс жүргізуге қатысты түзетулерді талқылау кезінде депутат алимент бойынша берешек көлемі кейінгі жылдары күрт өскенін айтты. Айтуынша, соңғы 10 жылда қарыз көлемі тоғыз есе артқан.

"2016 жылы алимент қоры қажет екенін алғаш көтерген кезде берешек 2 млрд теңге еді. Қазір Әділет министрлігінің мәліметінше, бұл сома 18 млрд теңгеге жетті. Оның өзі – үш айдан астам төленбеген қарыздар ғана. Бүгінде Қазақстанда 300 мыңнан астам бала алиментке мұқтаж. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі балалар да бар", – деді депутат.

Осыған байланысты ол үкіметтен, атап айтқанда Әділет министрлігінен, салықтық емес түсімдер есебінен арнайы қор құрып, кейін бұл қаражатты борышкерлерден өндіріп алу тетігін қарастыруды сұрады.

Өз кезегінде әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков аталған мәселе әлі де пысықталып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай шешім бюджетке тікелей әсер ететіндіктен Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігімен келісуді қажет етеді.

Айта кетейік, алимент қоры туралы бастама депутаттар тарапынан 2024 жылдан бері көтеріліп келеді. Бұған дейін үкімет бұл ұсынысты қолдамаған. Алайда қарыз көлемінің өсуіне байланысты енді аталған мәселені қайта қарау жоспарланып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove