Түркістан облысында төрт жасар бала дер кезінде медициналық көмек ала алмаған соң комаға түсті. Ата-анасының айтуынша, кезекші дәрігер түнгі уақытта ұйықтап жатқан, ал аудандық ауруханада қажетті құрылғы болмаған, деп хабарлайды Dalanews.kz "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.
Балақайдың ата-анасы кешке балабақшадан кейін оның дене қызуы көтеріліп, түнде тырысу басталғанын айтты. Қорқып кеткен ата-анасы жедел жәрдем шақырып, таңғы сағат 3:30 шамасында ауруханаға жеткізілген. Алайда әкесінің айтуынша, дәрігерлер баланы қабылдауға асықпаған.
«Ол жай ғана жатты. Біз түнгі үш жарымда келдік. Медбике қабылдады, өзі кері қайтарып жібергісі келді. Бір сағаттан кейін қайтадан тырысу басталды. “Дәрігер келсін, дәрігер келсін” деп қайталай берді. Тек мұрын арқылы оттегі берді, басқа ештеңе істемеді. Кейін полицияда түсініктеме алғанда, дәрігер ұйықтап жатқанын, медбике оны үш рет оятуға барғанын айтты. Бұл – дәрігерлер тарапынан немқұрайдылық деп есептеймін», – деді баланың әкесі.
Ата-анасының айтуынша, баланы алғаш рет тек сағат 9:00-де, яғни ауруханаға келгеннен алты сағаттан кейін ғана қараған. Сол уақытқа дейін баланың іші қатты ауырып, кейін есінен танып қалған.
«Бүгінге дейін айтатыны – “жағдайы ауыр”. “Не істеп жатырсыздар?” деп сұрасам ешкім жауап бермейді. Барлығы “ауыр” деп қана айтады. Аппараттар жоқ, анализ алынбаған. Тек дүйсенбіден бастап бірдеңе істей бастады», – дейді анасы.
Дәрігерлер әлі нақты диагноз қоя алмаған. Бірі – миға қан құйылған деп болжайды, енді бірі инфекция болуы мүмкін дейді. Ал аурухана басшылығы қажетті жабдықтың жоқ екенін мойындаған.
«Аудандық ауруханада компьютерлік томограф жоқ. Ал баланы облыстық ауруханаға апаруға дәрігерлер тәуекел етпей отыр, себебі жол үстінде жағдайы нашарлап кетуі мүмкін», – делінген хабарламада.
Арыс аудандық ауруханасының бас дәрігері Марат Төлегенов ата-ананың мәлімдемесі тексеріліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, кезекші дәрігер ол түні жұмыс істеген.
«Ол түні ауруханаға 35 науқас жүгінген. Сондықтан дәрігер 6 сағат бойы ұйықтап жатқан деген сөз шындыққа жанаспайды. Кезекші дәрігер басқа науқастарды қарап жүргенін айтты. Қазір оның іс-әрекетіне қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр», – деді Төлегенов.
Алирахман есімді баланың ата-анасы Арысқа білікті мамандарды жіберуді және жағдайды Денсаулық сақтау министрлігі жеке бақылауға алуын талап етті. Олардың айтуынша, баланың жағдайы әлі де өте ауыр.