Мәжіліс депутаты Ринат Заитов Мұхтар Шахановқа көше атауын беру мәселесіне қатысты пікір білдіріп, қоғамда лайық тұлғалар бар екенін айтты, деп хабарлайды Dala News.
«Бізде тұлғалар жоқ емес, бар. Тірі кезінде де көшенің атын берген адамдар бар. Сондықтан бұл жерде Мұхтар Шаханов сияқты қайраткерге қатысты кедергі көріп тұрған жоқпын», – деді ол.
Депутаттың айтуынша, қоғамға еңбегі сіңген тұлғаларды лайықты деңгейде бағалау қажет.
«Мұхтар Шаханов елдің руханиятына үлес қосқан тұлға, сондықтан оған көше атауын беру орынды деп ойлаймын», – деді Заитов.
Ал Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бұл мәселеге қатысты абай болу керектігін айтты. Оның пікірінше, қоғамдық пікір қалыптастыруда жауапкершілік маңызды.
«Әр адамның өз пікірі бар. Бірақ қоғамда араздық тудыратын сөздер мен факторларды жариялау мәселесінде шектеу болуы керек», – деді ол.
Оның айтуынша, ұлттық деңгейдегі тұлғаларды бағалау кезінде қоғамдағы тұрақтылық пен бірлік басты назарда болуы тиіс.
Осылайша, қоғамда Мұхтар Шахановтың есімін ұлықтау мәселесі төңірегінде түрлі көзқарас қалыптасып отыр. Бір тарап оны лайық тұлға деп санаса, екінші тарап бұл тақырыпта қоғамдық жауапкершілік пен тепе теңдікті сақтау қажеттігін алға тартады.
