Германияда Ресей үшін тыңшылық жасады деген күдікпен Қазақстан азаматы ұсталды

Көркем Алдабергенова 29 сәу. 2026 15:12

Германияның федералдық прокуратурасы Ресей пайдасына тыңшылық жасады деген күдікпен Қазақстан азаматын ұстады. Тергеу нұсқасы бойынша, ол Берлин аумағында әрекет еткен, деп хабарлайды Dalanews.kz Tagesschau басылымына сілтеме жасап.

47 жастағы ер адам Ресей барлау қызметінің агенті ретінде жұмыс істеді деген күдікке ілінген. Тергеушілердің болжамынша, ол ықтимал диверсиялық әрекеттерге де дайын болуы мүмкін.

Іс материалдарына сәйкес, күдікті көбіне смартфон арқылы түрлі нысандарды суретке түсіріп, алынған материалдарды Ресей барлауындағы байланыстағы адамына жіберіп отырған. Олардың қатарында автожолдардағы әскери колонналар, саясаткерлер мен арнайы қызмет көліктері, үкімет ғимараттары, сондай-ақ қорғаныс өнеркәсібіне қатысты нысандар болған. Негізгі бөлігі Берлин қаласында орналасқан.

Құқық қорғау органдары оның негізінен ашық қолжетімді нысандарды түсірген болуы мүмкін екенін айтады. Алайда бұл жайт тыңшылыққа қатысты қылмыстық жауапкершілікті жоққа шығармайды.

Сонымен қатар, эпизодтардың бірінде НАТО-ға мүше өзге мемлекеттің әскери көліктері туралы дерек бар екені айтылды. Бұл альянс күштерінің мәртебесіне қатысты қосымша құқықтық нормалар аясында қаралуы мүмкін.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove