29 сәуірде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Беларусь Президенті Александр Лукашенко телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Dala News.
Әңгіме барысында мемлекет басшылары Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастықтың дамуын талқылап, соңғы уақытта екіжақты байланыстардың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Соңғы жарты жыл ішінде бірқатар маңызды сапарлар жүзеге асқан. Атап айтқанда, Қазақстанға Беларусьтің Премьер-министрі мен сыртқы істер министрі келген, ал Минскіде Қазақстан Мәжілісінің төрағасы болған.
Президенттер алдағы кездесулер мен іс-шаралар кестесін де талқылады. Мамыр айының соңында Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес пен Еуразиялық экономикалық форум өтеді. Кездесу барысында осы халықаралық алаңдардың күн тәртібіне кіретін негізгі мәселелер қаралды.
Сонымен қатар, Жеңіс күні қарсаңында екі ел басшылары бір-бірін құттықтап, Қазақстан мен Беларусь халықтарына бейбітшілік пен амандық тіледі.
Александр Лукашенко Қазақстан Президентін Беларуське ресми сапармен келуге қайта шақырды. Бұл сапар барысында екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты талқылап, болашақ жобалар мен жоспарларды айқындау көзделіп отыр.
Сондай-ақ күзде Минскіде өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңес пен «ИННОПРОМ» халықаралық көрмесіне Қазақстан Премьер-министрі бастаған делегацияның қатысуы күтілуде.
