Солтүстіктің ауыр афтершоктары. Рубльдің құлдырауы теңгеге әсер ете ме — сарапшы пікірі

Қаракөз Амантай 29 сәу. 2026 17:14

Ресей экономикасы терең жүйелі дағдарыс шегіне жақындап тұр. Қаржы сарапшысы Айбар Олжай рубль бағамының әлсіреуі Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін екенін талдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Сұмдық бюджет тапшылығы, одан туындаған мемлекеттік қаржы дағдарысына қосымша құн салығының күрт артуынан Лаффер қисығының эффектісі жамалды. Бір сөзбен айтқанда, бюджет дефициті өсіп, бюджетте ақша онсыз да жоқ кезде, салық төлеуі тиіс кәсіпорындар жаппай жабылуда. Ол өз кезегінде салық базасының құлдырап, кредиттер мен қарыздардың төленбеуіне, экономикадағы ақша ағыны мен ақылы қызметтер мен тауарларға сұраныстың тоқтауына алып келеді. Әсіресе шағын бизнес орасан зардап шекті. Ресейде қазіргі форматтағы шағын бизнес мүлде жойылып, баяғы 90-шы жылдардағы көшеде кассасыз (салықсыз) сататын базар/челнок және бартерлік экономика типі қайта оралуы мүмкін”, - дейді ол.

Айбар Олжай қазіргі жағдайда Ресей билігі рубльді әдейі әлсіретуі мүмкін екенін айтады.

“Осы құбылыстардың барлығы өте жылдам жүрмек. Гипергаллоп эффектісін болжауға болады. Стандартты режимде 2-3 жыл жүруі тиіс негативті оқиғалар тізбегі Ресейде осы жылдың аяғына дейін орын алып кетуі ғажап емес”, - деп атап өтті ол.

Сарапшы келтірген деректерге сүйенсек, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында Ресейдің федералдық бюджет тапшылығы 4,5 триллион рубльден асып, жылдық жоспардан жоғары болған.

“Бұл бір жылдық болжанған жоспардан артық. Федералды бюджетте 2026 жылғы дефицит 3,7 трлн рубль болады деп жоспарланған. Бір тоқсанның өзінде тапшылық бүкіл жылдық көлемнен 800 миллиард рубльге асып кетті. Кіріс азайып, шығынның өскенін көреміз”, - деп түсіндірді сарапшы.

Ал қаңтар–наурыз аралығында кіріс шамамен 8%-ға төмендеген.

“Ал шығын керісінше өсіп, 13 трлн рубльге жуықтаған. Сонда Ресей бір жылда шығынды 17%-ға көбейтіп отыр. Ал кірісі керісінше түсіп кеткен. Бұған наурыз-сәуір айларында Иран факторынан мұнай бағасының өсіп, Ресей танкерлерінен санкцияның уақытша шешілуі де мүлде көмектеспеді. Қосымша эффект 250-300 миллиард рубльмен шектелді. Себебі, рубль қымбат. Оның құны негізсіз көтеріліп кеткен”, - деп қосты ол.

Ол мұндай жағдайда Ресей билігі рубльді әлсіретуге мәжбүр болуы мүмкін екенін айтты.

“Сонда ғана қымбаттаған мұнай көбірек рубльге конверттеліп, бюджетке көмектесе бастайды. Ол үшін рубль өз құнының тең жартысын жоғалтуы тиіс. Қазір Форексте долларына 75,09 рубль болса, долларына 112-113 курсына құлдырату үшін Орталық Банк те, Ресей Үкіметі де барын салатын болады. Бір сөзбен айтқанда девальвация”, - дейді ол.

Алайда рубльдің әлсіреуі теңгеге тікелей әсер етеді деу қате. Осы тұста сарапшы  кейінгі бес жылдағы деректерге назар аударды.

“Егер соңғы бес жылда рубль курсының графигі, яғни оның құсыздануы мен күшеюі тарихын алып, теңгенің тура осы мезеттегі графигімен салыстырсақ рубль құнсыздануының теңгеге 25-30 пайыздық әсер беретіні көрінді. Модель мынадай. Бастапқы шок ретінде RUB/USD бағамының бір реттік 20% құлдырауын алсақ - яғни бір рубль бұрынғыдан 20% аз доллар тұратын, ал сәйкесінше USD/RUB шамамен 25% өсетін сценарий болса, онда теңге бойынша тарихи-статистикалық орташа бағалау шамамен 5–8% әлсіреу деңгейін көрсетеді. Айлық ресми деректерге сүйенген менің нүктелік бағалауым шамамен 6,9%. Балама VAR-модель де соған жақын нәтиже береді. Бастапқы жедел реакция шамамен 7,7%, кейін 1 айдан 12 айға дейінгі аралықта 4,7–5,9% коридорында бәсеңдейді.

Бір сөзбен айтқанда, соңғы без жылда рубль 20 пайызға құнсызданған мезетте теңге 7 пайызға әлсіреп отырған. Демек ол рубльді айна-қатесіз қайталамайды. Және ол бұрынғы картина. Ал қазір рубльдің теңгеге кросс-курс арқылы қалай әсер ететінін әрине ешкім нақты болжай алмаса керек”, - деп нақтылады ол.

Сарапшы теңгенің рубльге тікелей байланбағанын да атап өтті. Оның түсіндіруінше, ұлттық валюта бағамы негізінен доллар арқылы қалыптасады.

“Мұндағы негізгі ньюанс мынада. Біздің Ұлттық Банк теңгені рубльге формалды түрде мүлде байлап отырған жоқ. Теңгенің долларға қатысты ресми бағамы Қазақстан қор биржасындағы USD/KZT жұбының күндік саудасы арқылы қалыптасады. Ал басқа валюталарға, соның ішінде рубльге қатысты бағамдар кросс-курс арқылы есептеледі. Сондықтан “таза рубльдік шок” өздігінен теңгені автоматты түрде девальвациялауға міндетті емес.

Жылдық орташа индекстер де осыны көрсетті. Мысалы, соңғы бес жылда USD/KZT мен USD/RUB жұптары бір бағытта қозғалып келді. Бірақ амплитудасы әртүрлі болды. Ал RUB/KZT көбіне “буфер” рөлін атқарып, қозғалыстың бір бөлігін жұтып отырды”, - дейді ол.

 

Айбар Олжай негізгі қауіп валюта нарығынан емес, сауда құрылымынан туындайтынын ерекше атап өтті.

“Тек одан анағұрлым қауіпті канал бар. Ол - сауда құрылымы каналы. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан өзіне тасыған импорттың 29,7%-ы Ресейден келді. Ал экспорттың 10,3%-ы Ресейге кетті. Жалпы тауар айналымы 27,4 миллиард доллар болған. Демек, рубльдік шок бізге импорттық бағалар мен біздің өндірушілердің выручка көрсеткіші арқылы келетіні анық. Тым әлсіз рубль ресейлік тауарларды арзандатып, отандық өндірушілерге қысым жасайды әрі валюталық түсімдерді азайтады”, - деді ол.

Сарапшы Қазақстанның қысқа мерзімді валюта толқындарын еңсеруге жеткілікті қоры бар екенін айтады.

“Біздің 140 миллиард долларға жуық халықаралық резервіміз оған артығымен жетеді. Бірақ егер “рубль 3  теңге” парадигмасы ұзақмерзімді құбылысқа айналып кететін болса, бізге Ресей импортын әкімшілік барьерлер арқылы қысып тастауға немесе отандық өндірушілердің преференциясын тағы да күшейтуге тура келеді.

Мұндай жағдайда ОПЕК сияқты Еуразиялық экономикалық одақтың да экономика тұрғысынан еш мәні қалмағанын жасырмай айтуға болады. Дәл қазір ЕЭО деген ИВЛ аппаратында комада жатқан пациент”, - деп түйіндеді сарапшы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove