Мұғалімдерді газетке күштеп жаздыру заңға қайшы – Аймағамбетов

Самал Асқар 29 сәу. 2026 15:34

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді газет журналдарға мәжбүрлеп жаздыру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dala News.

«Мықты мұғалім тек Қазақстанның газет журналдарын ғана емес, ол шетелдің газет журналдарын да оқиды. Бұл анық, бұл аксиома. Оған қорықпаңыздар. Ешкім мұғалімдерге газет оқымаңдар деп айтып жатқан жоқ. Бұл ашық манипуляция», - деді депутат.

Оның айтуынша, заңда нақты бір ғана талап бар және ол мұғалімдерді мәжбүрлеуге тыйым салады.

«Заңда бекітілген бір ғана нәрсе бар. Мұғалімдерді мәжбүрлеп, оларға түрлі талап қоюға болмайды. Бір отбасында бірнеше адам жұмыс істесе, барлығына бірдей бір газетті мәжбүрлеп жаздыруға болмайды. Бірақ егер газет қызықты болса, тартымды болса, мазмұнды болса, кез келген мұғалім оны оқиды. Біздің мұғалімдер осы газеттердің ең белсенді оқырмандарының бірі», - деді Аймағамбетов.

Депутат мұғалімдердің оқудан бас тартпайтынын, мәселе тек мәжбүрлеуде екенін атап өтті.

«Сондықтан біз манипуляцияға бармауымыз керек. Егер газет қызықты болса, журнал қызықты болса, оны оқиды. Мен өзім де Нью Йорк Таймс оқимын, Экономист оқимын, Егеменді, Ана тілін, Түркістанды оқимын. Сол сияқты біздің мұғалімдер де газеттерді оқитын ең белсенді оқырмандардың қатарында. Ал мұндай манипуляция бұл жалған, жала жабу. Ешкім мұғалімдерге газет оқымаңдар деген жоқ. Мұғалімдер оқу керек, мақала оқу керек, газет оқу керек, ең алдымен кітап оқу керек. Бірақ оларды мәжбүрлеуге болмайды. Бұл бөлек мәселе», - деді депутат.

Қорытындылай келе, депутат мұғалімдерді ақпараттық өнімдерге күштеп жаздыру тәжірибесі заңға қайшы екенін және бұл тәсілден бас тарту қажет екенін айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove