Белгілі қоғам қайраткері әрі дәрігер Бақыт Түменова өмірден өтті. Қаралы хабарды Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол әлеуметтік желідегі парақшасында Бақыт Түменованың елдегі еркіндік құндылықтарын қорғауда берік ұстаным танытқанын жазды.
Ермұрат Бәпидің айтуынша, Бақыт Түменова «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы құрылған күннен бастап мемлекеттік қызметтен кетіп, оппозиция қатарына қосылған. Сондай-ақ партияны тіркеуден бас тартылғанына қарамастан, өз көзқарасынан айнымай, кейін «Аман-саулық» қорын құрып, оны жиырма жылға жуық басқарған.
Бақыт Түменова 1948 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Мамандығы бойынша дәрігер. Ол денсаулық сақтау жүйесінде 30 жылдан астам еңбек етіп, қарапайым дәрігерден облыстық деңгейдегі басшылық қызметтерге дейін көтерілген.
Еңбек жолында Семей қаласында жұмыс істеп, кейін облыс әкімдігі аппаратында қызмет атқарған. Сондай-ақ Павлодар облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болған.
2000-жылдардың басында саясатқа бет бұрып, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы мен «Алға» партиясын құруға қатысқан. Кейін әлеуметтік осал топтар мен пациенттердің құқығын қорғаумен айналысқан «Аман-саулық» қорын құрды.
Сонымен қатар ол денсаулық сақтау саласындағы қоғамдық кеңестер құрамында жұмыс істеді. Артында екі қызы мен немерелері қалды.
