«Ақша қайда кетіп жатыр?» – депутат ашықтықты талап етті

Самал Асқар 29 сәу. 2026 14:49

Парламент Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбай тұрғын үй мен халық қаражатының жұмсалуына қатысты ашықтық мәселесін көтерді, деп хабарлайды Dala News.

Оның айтуынша, азаматтар өз қаржысының қалай жұмсалып жатқанын түсінбейді, ал бұл сенімсіздікке әкеліп отыр.

«Адамдардың үйсіз жүріп, өз қаражатын пайдалануға мүмкіндігі болмай отыр. Қанша ақша жиналып жатыр, қайда жұмсалып жатыр – нақты білмейміз. Ашықтық жоқ, бақылау жоқ. Ақша түсіп жатқанын көреміз, бірақ оның қайда кеткенін ешкім түсіндірмейді», – деді депутат.

Нартай Аралбай бұл мәселе тек тұрғын үймен шектелмейтінін, жалпы қаржының тиімді игерілуіне қатысты екенін атап өтті. Оның пікірінше, халықтың қаражатына байланысты барлық процестер ашық әрі түсінікті болуы тиіс.

«Халық өз ақшасының қозғалысын бақылап отыруы керек. Әр теңгенің қайда кеткені көрініп тұруы тиіс. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Сол себепті адамдарда күмән көп, сенім аз», – деді ол.

Депутат бұл бағытта ашықтықты арттыратын нақты механизмдер қажет екенін айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove