«Қазақстанда жасалған» таңбасы сапа мен сенімнің нышанына айналуы тиіс — Тоқаев

Асель Қайратқызы 24 қаз. 2025 14:36

Күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе – азаматтарды экономикалық патриотизм рухында тәрбиелеу, деді Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты шарада сөйлеген сөзінде, деп хабарлайды Dalanews.kz.  Ақордаға сілтеме жасап.

— Жасанды интеллект дәуірінде түрлі мүмкіндіктер геометриялық прогрессиямен артып келеді, жаңа салалар мен бизнестің жаңа түрлері міндетті түрде пайда болады. Бұл — ойлай білетін, белсенді жастар үшін «алтын мүмкіндік». Мемлекет пен қоғам жас таланттарды қолдауы тиіс, біз мұны жүзеге асырамыз. Күн тәртібінде тұрған өзекті міндет — азаматтарды экономикалық патриотизм рухында тәрбиелеу. Бұл отандық өндірушілерді қолдау, кәсіпкерлеріміздің идеялары мен стартаптарына инвестиция салу және олардың өнімдерін тұтыну туралы болып отыр. Мұның өзі де азаматтық бірліктің көрінісі, — деді Президент.

Ол қазіргі уақытта ұлттық брендтеріміздің саны артып келе жатқанын атап өтті. Ұлттық өнім елімізді бүкіл әлемге танытады, сондықтан Made in Qazaqstan таңбасы сапа мен сенімнің нышанына айналуы тиіс.

— Шетел азаматтарының біздің тауарларға деген қызығушылығының артуы — отандық бизнестің табысты дамып келе жатқанының көрсеткіші. Компанияларымыз жаһандық нарыққа шығып, өз қызметін кеңейтіп, Қазақстанды қарқынды дамып келе жатқан, озық ел ретінде танытып отыр. Адал кәсіпкерлерді өз патриотизмін нақты іспен дәлелдеп жүрген азаматтар деп әділ санауға болады. Өйткені олар табанды еңбегімен көптеген жұмыс орындарын ашып, халықтың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосуда. Шағын және орта бизнесті қолдау мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып қала береді, — деді Мемлекет басшысы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар