"30-дан астам бар": Путин Қазақстанға кімдерді ертіп келеді?

"30-дан астам бар": Путин Қазақстанға кімдерді ертіп келеді?
Dalanews.kz коллажы

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Ақорданың хабарлауынша, сапар 27-29 мамыр күндеріне жоспарланған және ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен өтеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, Владимир Путин 27 мамыр күні кешке Астанаға келеді. Ал 28 мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен тар және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізуі жоспарланған.

Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың қазіргі жай-күйін, сондай-ақ оны одан әрі нығайту мүмкіндіктерін талқылайды. Ақорда мәліметінше, сапар аясында 28 мамырда Еуразиялық экономикалық форум, ал 29 мамырда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді.

Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылып, бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасалуы мүмкін. Ресей делегациясының құрамында министрлер, ірі компаниялар мен мемлекеттік корпорациялардың өкілдерін қоса алғанда 30-дан астам адам болатыны айтылды.

Сапар барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар, өнеркәсіп, көлік-логистика, энергетика және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланады деп күтілуде.