Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық байланыс: шекаралық ынтымақтастық кеңеюде

Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық байланыс: шекаралық ынтымақтастық кеңеюде
КИСИ

Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық соңғы жылдары тек шекаралық байланыстармен шектелмей, сауда, логистика, туризм және экономикалық ықпалдастық бағыттарында кеңейіп келеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сарапшылардың пікірінше, бұл үрдіс алдағы уақытта да сақталады.

«Мир Евразии» қоғамдық қорының президенті Эдуард Полетаевтың айтуынша, екі ел арасындағы өзара іс-қимыл әлемдегі ең ұзын үздіксіз шекараға негізделген және оның әлеуеті жоғары.

«Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың негізінде әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекаралардың бірі жатыр. Қазір бұл байланысқа Ресейдің 12 өңірі және Қазақстанның 8 шекаралас облысы қатысып отыр. Абай облысы құрылғаннан кейін ол да шекаралық аймақтар қатарына қосылды. Бүгінде өзара іс-қимыл тек экономикамен шектелмейді. Мұнда мәдени байланыстар, көші-қон үдерістері, сауда, туризм және гуманитарлық ынтымақтастық қатар дамып келеді», – деді Полетаев.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық байланыстарды нығайтатын негізгі алаңдардың бірі – жыл сайын өтетін өңіраралық ынтымақтастық форумы.

Сарапшының сөзінше, бұл формат бастапқыда шекаралық ынтымақтастық ретінде басталғанымен, кейіннен ауқымы кеңейген.

«Бұрын бұл форум шекаралық ынтымақтастық алаңы ретінде ұйымдастырылатын. Қазір ол өңіраралық форматқа өтті. Өйткені Қазақстанмен тек шекаралас аймақтар ғана емес, Мәскеу, Мәскеу облысы, Татарстан секілді өңірлер де белсенді сауда жүргізіп жатыр. Осы уақытқа дейін жиырмадан астам форум өтті. Кезекті кездесу Омбы қаласында ұйымдастырылады. Мұндай алаңдарда кәсіпкерлер кездесіп, жергілікті деңгейдегі келісімдер жасалады және жаңа серіктестік бағыттары қалыптасады», – деді ол.

Полетаев өңіраралық ынтымақтастықта логистикалық фактор ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

Оның пікірінше, кейбір өнімдерді алыс қашықтыққа жеткізу экономикалық тұрғыдан тиімді емес, сондықтан шекаралас өңірлер арасындағы серіктестік табиғи түрде қалыптасады.

«Мысалы, сүт өнімдері немесе астық секілді тауарларды мыңдаған шақырымға тасымалдау әрдайым тиімді бола бермейді. Өнімнің сақтау мерзімі, тасымал шығындары және логистикалық мүмкіндіктер ескеріледі. Сондықтан Петропавл мен Омбы, Қостанай мен Челябі, Атырау мен Астрахань арасындағы әріптестік байланыстар белсенді дамып отыр. Бұл экономикалық тұрғыдан тиімді модель. Кей жағдайда көрші өңірмен жұмыс істеу ел ішіндегі шалғай аймақпен байланыстан әлдеқайда ыңғайлы болады», – деді сарапшы.

Сонымен қатар Эдуард Полетаев Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы қазіргі басымдықтарға да тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан төрағалық кезеңінде цифрландыру мен жасанды интеллект мәселелеріне ерекше назар аударып отыр.

«Қазіргі таңда жаңа технологиялық сын-қатерлер пайда болды. Жасанды интеллект, цифрландыру, роботтандыру секілді бағыттар мемлекеттердің экономикалық бейімделуін талап етеді. Қазақстан бұл күн тәртібін белсенді ілгерілетіп келеді. Сондықтан биылғы Еуразиялық экономикалық форумда цифрландыру мен жасанды интеллект негізгі тақырыптардың біріне айналып отыр. Сонымен қатар логистика, өндірісті технологиялық жаңғырту, саудадағы әкімшілік кедергілерді азайту және жаңа нарықтарға шығу мәселелері де басым бағыт ретінде қарастырылып жатыр», – деді Полетаев.

Сарапшының бағалауынша, ЕАЭО аясындағы интеграциялық тетіктер сауда айналымының артуына және экономикалық байланыстардың нығаюына ықпал етіп отыр.

«Қазақстан үшін транзиттік-логистикалық әлеует аса маңызды. Сонымен қатар ортақ нарыққа шығу мүмкіндігі, еңбек нарығы, туризм және энергетикалық ынтымақтастық бағыттары да үлкен рөл атқарады. Бұл мәселелердің барлығы миллиардтаған доллармен өлшенетін экономикалық ықпалдастыққа әсер етеді және алдағы кезеңде де өз маңызын сақтайды», – деп түйіндеді сарапшы.

Осылайша, Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық бүгінде шекаралық өзара іс-қимыл шеңберінен шығып, экономикалық интеграцияның, логистикалық байланыстың және жаңа технологиялық бағыттардың маңызды бөлігіне айналып отыр.