Қарағанды облысында аудандық мәслихат төрағасы қызметтік кабинетінде электронды темекі тұтынғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін белгілі болған. Кадрларда ер адамның жұмыс орнында отырып, Zoom платформасындағы онлайн-кеңес кезінде электронды темекі шеккені байқалады.
Желіге жарияланған видеоға полиция назар аударып, тексеру жүргізген. Нәтижесінде кадрдағы азаматтың кім екені анықталды. Ол Осакаров аудандық мәслихатының төрағасы болып шыққан.
Қарағанды облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша мәслихат төрағасы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл салынған.
Ведомство өкілдері адамның атқаратын қызметі, мәртебесі немесе қоғамдағы орны заң талаптарын сақтау міндетінен босатпайтынын атап өтті. Полиция заң мен тәртіп талаптары баршаға бірдей қолданылатынын еске салды.