Қазақстан сыртқы саудада стейблкоин қолданбақ: импорт пен экспортқа қандай пайдасы бар?

Қазақстан сыртқы саудада стейблкоин қолданбақ: импорт пен экспортқа қандай пайдасы бар?
ашық дереккөз

Қазақстан сыртқы саудада цифрлық активтерді қолдануға қатысты тағы бір қадам жасады. Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мәліметінше, трансшекаралық есеп айырысуда стейблкоиндерді пайдалану тетігі әзірленіп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Реформаны жеделдетуге криптовалюта нарығындағы көрсеткіштер де әсер етіп отыр. Қазақстан азаматтарына тиесілі шамамен 1 миллион криптоәмиян бар. Ал АХҚО аумағындағы реттелетін операциялардың көлемі 2023 жылғы 320 миллион доллардан былтыр 10,5 миллиард долларға дейін өскен. Биылғы бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 5,5 миллиард долларға жетті.

Экономист, Qazaq Expert Club тең құрылтайшысы Бауыржан Шурмановтың айтуынша, бастаманың негізгі мақсаты - халықаралық төлемдердің жылдамдығы мен құнын оңтайландыру.

Стейблкоин - көбіне АҚШ долларына байланысты цифрлық актив. Мысалы, USDT және USDC сияқты стейблкоиндердің бағасы биткоин секілді қатты құбылмайды. Олардың құны фиат валютасына 1:1 арақатынасында бекітіледі.

Қазір қазақстандық кәсіпкер шетелден шикізат немесе құрал-жабдық сатып алған кезде төлем қаражаты SWIFT жүйесі арқылы бірнеше корреспондент-банктен өтеді. Бұл процесс 2-5 жұмыс күнін алуы мүмкін. Ал комиссиялар мен айырбас бағамындағы айырмашылық төлем сомасының 1,5-4 пайызына дейін жетеді.

Стейблкоин арқылы блокчейн желісіндегі есеп айырысу бірнеше минутта жүзеге асады. Бұл ретте транзакция комиссиясы төлем көлеміне қарамастан көбіне аз мөлшерде болады.

Әлемдік тәжірибеде мұндай тәсіл қазірдің өзінде қолданылып келеді. Мысалы, Сингапурда Валюта басқармасы цифрлық валюталар арқылы B2B төлемдерін жүргізуге арналған инфрақұрылымды лицензиялаған. Жергілікті трейдерлер, теңіз тасымалымен айналысатын компаниялар тәулік бойы нақты уақыт режимінде есеп айырыса алады. Латын Америкасында, соның ішінде Бразилия мен Мексикада Азиядан электроника мен автокомпоненттер импорттайтын компаниялар стейблкоин пайдалана бастаған. Мұндай төлемдер Қытайға бірнеше минутта жетіп, банктердегі бірнеше күндік күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Қазақстан экономикасы үшін мұндай тетік ең алдымен капитал айналымын жеделдетуге мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер халықаралық төлемдердің өтуін күтіп, айналым қаражатын ұзақ уақытқа бұғаттап қоймайды. Сонымен қатар, күрделі геосаяси жағдайда шетелдік корреспондент-банктер тарапынан төлемдер кешігуі немесе қабылданбауы сияқты қауіп төмендеуі мүмкін.

Мұның қарапайым тұтынушыға да әсері болуы мүмкін. Импорттаушылар банк комиссияларын, жүк кідіруінен туындайтын шығындарды және валюта айырбастауға кететін қаражатты тауардың түпкі бағасына қосады. Сондықтан халықаралық төлемдер арзандап, жылдамдаса, импорттық тауарлардың бағасына түсетін қысым да төмендеуі ықтимал.